13.01.2016 в 23:46

ОҚО әкімі бастаған жұмысшы топ қаладағы түйіткілді мәселелермен танысты

Бүгін өңір басшысы Шымкент қаласы Абай ауданының әлеуметтік және коммуналдық мәселелерімен танысты. Аталған ауданға қарасты он екі тұрғын үй алабы мен жиырма бір шағын ауданында 220 мыңға жуық халық тұрады. Бұл туралы облыс әкімі аппаратының баспасөз қызметі хабарлады.

Жұмыс тобы алдымен, «Ақжар» елді мекенінің ауыз су жүйесімен танысып, жергілікті тұрғындарды сумен қамтамасыз ету жайын қарастырды. Сонымен қатар, жұмысшы топ қорғасын зауытынан шығатын қалдықтарды залалсыздандыру мәселелерімен танысты. Қорғасын қалдығы үйіндісінің салмағы - 1,898 млн. тонна. Қалдықтарды кәдеге жарату мақсатында 2020 жылға дейін «Аразито Қазақстан» ЖШС-мен келісім шартқа отырып, толығымен пайдаға асыру жөнінде келісім жүргізілуде. Осы бойынша аймақ басшысы сала мамандарына үйіндіні шығаруда әр жылға нақты кесте бекітуді тапсырды.

Сондай-ақ, басшылық құрам Абай ауданының Жаңаталап тұрғын алабындағы «Шымкент – құс» ЖШС есебінен салынған алты жүз бес жеке тұрғын үйге қосылған ұзындығы 2,5 шақырым болатын тозығы жеткен кәріз жүйесін көрді. Кәріз жүйесімен танысқан өңір басшысы қала әкімдігіне теңгерімге алып, жобалық сметалық құжатын әзірлеп, құрылыс жұмыстарына қаржы қарастыруды тапсырды.