13.01.2016 в 23:52

Өңірде көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары пысықталды

Бүгін, өңір басшысы Б.Атамқұловтың төрағалығымен төтенше жағдайлар бойынша комиссиясының отырысы өтті. Күн тәртібінде облыс аумағындағы су қоймалардың ахуалы, көктемгі су басуға, сел, қар көшкіні және сырғымалардың алдын алуды қамтамасыз ету бойынша дайындық іс-шаралары мәселелері қаралды.

ОҚО ТЖД бастығы А.Путейконың мәліметінше, облыс бойынша жалпы ұзындығы 2850 метр болатын арналарды түзету жұмыстары жүргізіліп, Түлкібас, Сарыағаш, Қазығұрт, Төлеби, Бәйдібек аудандарындағы Арыс, Құлан, Келес, Бөген өзендерінде ұзындығы 381 метрлік бөгет құрылған. Сонымен қатар, Отырар, Шардара аудандарында, Арыс, Түркістан қалаларында Сырдария өзенінің су басу қауіпті учаскелері тексеріліп, оның қорытындысы бойынша аталған аудандардың әкімдеріне тиісті тапсырмалар берілген. Сонымен қатар, комиссия отырысында департамент бастығы өңірдегі су басу қауіпі жоғары аймақтар – Шардара, Созақ, Ордабасы аудандары мен Шымкенттің Қаратау ауданының аумағында құлақтандыру жүйесінің орнатылғанын хабарлады.

Жиында салада атқарылған жұмыстар бойынша облыс әкімінің орынбасары С.Қаныбеков, облыстық жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және жоюды ұйымдастыру бөлімінің басшысы К.Табылдиев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Т.Оспанов баяндама жасады.

Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы күн тәртібінде көтерілген мәселелер бойынша әр ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтап, тапсырмалар берді. Таратып айтқанда су тасқынының алдын алу жұмыстары аясында әр ауданда арнайы штаб құрылып, комиссияның жұмыс істеуі керегін жүктеді. Жұмыс тобы аудан, қалалардың қауіпті аймақтарындағы қорғаныс бөгеттерін тексеріп, су тасқыны болуы мүмкін аумақтарды қажет болған жағдайда қайта қалпына келтіруі шарт. Сондай-ақ, облыс әкімі төтенше жағдай орын алуы мүмкін айм­ақтардағы халыққа ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, өзендерден бастау ал­атын арналарды шұғыл тазалап, кез келген жағдай үшін қажетті құралдардың дайын болуын тапсырды.

Ақпарат облыс әкімінің баспасөз қызметінен.