14.01.2016 в 21:06

Дубайлықтар оңтүстікте ет өңдеу зауытын салмақ

Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданында дубайлық «AMKMETALFZCO» металлургиялық компаниясы өз бизнесін әртараптандыру мақсатында агроөнеркәсіптік кешен саласында ең ірі жобаны жүзеге асырмақ. Бұл туралы облыс әкімі аппаратының баспасөз қызметі хабарлады.

Жалпы құны 30 млн. АҚШ долларын құрайтын жоба аясында дубайлық инвесторлар 20 мың бас мүйізді ірі қараға арналған бордақылау алаңы мен  жылдық қуаттылығы 5 мың тонна болатын ет өңдеу зауытын салмақшы.

Бүгінде жобаны жүзеге асырудың шарттары мен егжей-тегжейлі тетіктері Оңтүстік Қазақстан облысының жетекшілігі деңгейінде талқыланып, Бәйдібек ауданынан 17 мың мал жайылымдық жер мен 2 мың гектар суармалы жер, сондай-ақ, зауыт салу үшін аудандағы индустриалды аймақтан 5 гектар жер телімі бөлінуде.

Жобаның ерекшелігі сол, мұнда өндірілген ет «халал» стандартына сәйкестендіріліп, оның басым бөлігі мұсылман елдеріне экспортталмақ. Бұл ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына, оның ішінде қарапайым шаруаларға өз өнімін тұрақты түрде қымбат бағада экспорттауға мүмкіндік береді.

Айта өтейік, Біріккен Араб Әмірлігінде тіркелген «AMK METAL FZCO» компаниясы 20 жылдан бері «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-мен тығыз байланыста жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын. Аталмыш компания Теміртау металлургия компаниясынан жыл сайын жалпы сомасы 400 млн. АҚШ  долларын құрайтын өнім сатып алады.