15.01.2016 в 23:53

ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАНДА БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ АЛҚА МӘЖІЛІСІ ӨТТІ

Оңтүстік Қазақстан облысында уақыт талабына сай сала жұмысын оңтайландыру мақсатындағы алқа мәжілісі өтті, - деп хабарлады облыс әкімі аппаратының баспасөз қызметі.

Облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткен жиында маңызды 6 мәселе қаралды. Басқарма басшысының міндетін атқарушы Қ.Құлажанов төрағалық еткен жиында Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: Өсу, Реформалар, Даму» тақырыбындағы Жолдауы насихатталып, ҚР «Білім туралы» Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар таныстырылды.

Сонымен қатар, алқа отырысында өткен жылғы білім саласының жұмыстары қорытындыланып, осы жылда атқарылатын жұмыстар мен міндеттемелердің жүйелі түрде іске асыру жолдары пысықталды. Облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасы жанынан құрылған Алқа мүшелері 2015 жылы жүргізілген аттестаттау жұмыстарының қорытындысын саралады.

Сондай-ақ, Сарыағаш аудандық білім бөліміне жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде кемшіліктер жіберген бірқатар мекеме басшыларына шара көру жайы айтылып, басқада мәселелердің хаттамалық шешімі аудандық, қалалық білім бөлімдері мен басқармаға қарасты барлық мекемелерге жіберіліп, алдын алу жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Айта кетейік, мұндай алқа мәжілісі бұл өңірде осыдан 10 жыл бұрын өткізілген болатын.