15.01.2016 в 23:57

ЖОЛДАУДЫ НАСИХАТТАУШЫ ТОП АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Облыс әкімінің орынбасары Е.Айтаханов бастаған облыстық ақпараттық - насихаттық топ Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын насихаттау және түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында Шардара мен Мақтарал аудандарында болып, жергілікті тұрғындармен кездесті. 

Кездесу барысында ақпараттық-насихаттық топ құрамындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының «Қоғамдық пәндер» кафедрасының доценті м.а., тарих ғылымдарының кандидаты Қ.Анарбаев және білім, денсаулық, жұмыспен қамту, еңбек инспекциясы басқармаларының басшылары Елбасы Жолдауындағы міндеттерді тұрғындарға түсіндіріп өтті.

Мақтаралдықтар кездесу кезінде оралмандарға берілетін квота жайы мен «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасының тиімділігін екенін сөз етті. Тұрғындардың мемлекеттік бағдарламаларға немқұрайлы қарамайтынын ескерген топ жетекшісі Е.Айтаханов оралмандар мәселесі заң аясында шешілетінін айтып, жоғарыда айтылған бағдарламаның шеңберінде көптеген азаматтар жұмыспен қамтылғанына тоқталып, аудан әкімдігіне 2011 жылдан бері атқарылған жұмыстардың нәтижесін БАҚ беттерінде жариялап отыруын тапсырды. Жиын соңында өңір басшысының орынбасары саяси құжатта айтылған міндеттемелердің Қазақстан халқы үшін маңыздылығын атап өтіп, Елбасының айқындап берген тапсырмаларын бірлесе жүзеге асыруға шақырды.

Бұл құжатта халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесіне баса назар аударылғанын айтқан қос ауданның тұрғындары Жолдауды оң көзқараспен қабылдады.

Ақпарат облыс әкімінің баспасөз қызметі.