Бердібек Мәшбекұлы – еліміздегі тәжірибелі кадрлардың, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді көмекшілерінің бірі. Ол өз деңгейіндегі мәртебелі қызметтердің бәрін дерлік атқарған саясаткер.
Экономика ғылымының докторы деген атағы бар шенеунік Қазақ ССР қаржы министрлігінде қарапайым экономист ретінде еңбек жолын бастады. 11 жыл табан аудармай сол жерде жұмыс істеген Б. Сапарбаев 35 жасында қызмет ауыстырып, 41-ге келгенінде, яғни 1994 жылы білім және ғылым вице-министрі атанды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жілігін шағып, майын ішті. Қиын кезеңдерде әкім де болды.
Президенттің шешімімен Б. Сапарбаев 1995 жылдың қыркүйегінде, яғни жаңа конституция қабылданғаннан кейін ол өзінің туған жері Қызылорда облысының әкімі ретінде тағайындалды. Мемлекет басшысының сенімін толықтай ақтай алмаған көп әкімдер креслодан қалпақтай ұшып жатқанда Бердібек Мәшбекұлы орнында сенімді отырды. Абыр-сабыр, саяси көзқарастар нақтыланбаған кезеңде бір облысты 4 жыл басқару үлкен жетістік еді. Сапарбаев ол сенімді ақтады десек болады. Өйткені ең жоғарғы лауазым иесі оны Қызылордадан көрші облыс Оңтүстік Қазақстан облысына бірден ауыстырды. Шымкентте өз рекордын жаңарту бұйырмапты, 3 жылдан кейін Оңтүстіктен Кеденге келді. Одан кейін Үкіметте, министрлікте 2 жылдай еңбек етіп, 2009 жылдың 4-наурыз күні Шығыс Қазақстан облысына қайтадан әкім болып тағайындалды. 2014 жылдың 11-қарашасында ҚР Үкіметінің вице-премьері болып тағайындалғанша ШҚО әкімі ретінде бекем отырды. Тұп-тура 9 ай қызметтен соң Бердібек Сапарбаевты Елбасы Н. Назарбаев Ақтөбе облысындағы өкілі ретінде сенім білдірді. Б. Мәшбекұлы Қазақстанның шекаралық аймақтарында ғана және бір емес төрт бірдей облысты басқарған азамат. Ол кісі Ақтөбеге барған соң мемлекеттік қызмет туралы заң мақұлданды. Алайда ҚР Президенті вето қойып, заң шығарушы органға құжатты қайтарып тастады. Мемлекет басшысының уәжі мемлекеттік қызметкердің 25 жылдық еңбек өтілі мен зейнет жасын енгізу еді. Бұл заңға сәйкес, Бердібек Сапарбаевтың әкімдік ғұмыры түгесіліп қалмақ.
Бердібек Сапарбаев саяси пиарға мұқтаж емесі анық. Алайда Ақтөбеге барған соң үлкен саясаттың беделді акторы туралы тым арзан пиар күшейіп сала берді. Қызметке кіріскен күннің ертеңінде-ақ базардағы сатушының екі түрлі баға қойып алдаған сәтінде ұстап алу, мектеп мұғалімінен Индонезияның астанасын сұрап екі аяғын бір етікке тығу, жол бойында қауіпсіздікке жауап беретін полицейлердің өзін Рэмбо құсап құтқару, қол астындағы жұмысшыларының 12 сағат жұмыс істеу керектігін алға тарту, амплуасына қарамай ақшасы көп әр ойында гол соғу туралы талап қою, аудармашыға ҚР Конституциясындағы 7-бапты түсіндіру сияқты ақпараттар шамадан тыс көбейді. Ал оны әлеуметтік желі пайдаланушылары «Сапарбаев бүгін ештеңе жасамады ма?» дегендей әжуаға айналдырды.
Украинаның Одесса облысына барған Михаил Саакашвилиді елестеткен Сапарбаевтың беделімен ойнағысы келген кім?
Айтпақшы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ол 63 жасқа толған күнге орай Б. Сапарбаевтың мемлекеттік қызметтегі уақытын 2020 жылға дейін созды. Жоғарыда аталған пиар тәсіл оның саяси карьерасының уақытын создыруға ықпал ету үшін жасалды ма? Әлде басқа себептер бар ма? Мүмкін мақсат орындалған соң арзан пиар тыйылар. Оны алдағы уақыттарда ақпараттық сайттарды бақылай отырып анықтауға болады.