29.02.2016 в 15:45

Алғыс айту күніне орай этно-мәдени орталықтарда ашық есік күні өтті

Еліміздегі тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған 1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесіне орай облыстық неміс этномәдени бірлестігі ашық есік күнін өткізді.

Шымкент қаласындағы Бекет батыр көшесі, 51 үйде орналасқан қоғамдық бірлестік мүшелері қонақтарды мерекелік көңіл-күймен қарсы алып, онда атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

Бірлестіктің жексенбілік мектебінде балалар мемлекеттік тіл мен неміс тілін үйреніп жатса, Маргарита Кин вокалдық шеберліктен дәріс беруде.

 «Қазақ халқы, қазақ елі  қиын-қыстау заманда, біздің ата-бабамызға ас-суын,  киім-кешегін  бөліп беріп, баспанамен қамтамасыз етті. Тіл білмесе де бауырмалдық танытып, қолдарынан келгенше бар жақсылықтарын аямады. Міне, бүгін осы елдің қонақжайлығы мен кеңпейілділігінің арқасында өз салт-дәстүрімізді, тілімізді жоғалтпай өсіп-өніп, өркендеп келеміз», - деген неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы И.Бахман өңірімізде тұратын 2500-ге жуық неміс этносы атынан бүкіл қазақстандықтарды биыл алғаш рет аталып өтетін «1 наурыз – Алғыс айту күні» мерекесімен құттықтап, қазақ еліне деген алғысын жеткізді.

Дәл осындай ашық есік күні облыстық иран этномәдени бірлестігінде де болып өтті. Келушілерді бірлестік төрағасы Н.Капар-Пур қарсы алып, бірлестіктің тыныс-тіршілігімен таныстырып шықты.

1997 жылы құрылған орталықтың кең ауласында стол теннисі, шахмат үйірмелерінің қатысушылары өзара сайысқа түсіп жатса, бірлестіктің футбол командасы да жиналып, өз жетістіктерімен бөлісуде.

Этномәдени бірлестік тарапынан толық қамтамасыз етіліп отырған «Шамсинур» би ансамблінің көздің жауын алатын ұлттық киімдері және мың бұралған биі мерекелік іс-шараны әрлендіре түсті.

Арнайы жабдықталған жексенбілік мектеп сыныбында балалар парсы тілін үйренуде. Алдағы уақытта мемлекеттік тілде дәріс беретін арнайы маман алуды жоспарлап отырғандықтары айтылды.

Сонымен қатар, шара барысында арнайы көрме ұйымдастырылып, ондағы Ираннан әкелінген ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарымен,  жеті ыдысқа салынған жеті түрлі тағамның өзіндік мәнімен бірлестік мүшесі таныстырып өтті.

«Қоғамдық келісім» КММ-нің баспасөз қызметі