25.03.2016 в 16:32

150 орындық жаңа балабақша ашылды

Наурыз мерекесі қарсаңында мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы аясында Еңбекші ауданы, «Ұлағат» шағынауданында «Айналайын» балабақшасы пайдалануға берілді. 150 орынға арналған бөбекжайдың ашылу рәсіміне аудан әкімі Ғалымжан Ильясов, сондай-ақ ата-аналар және жергілікті тұрғындар қатысты.

Жаңа  балабақшаның жұмысымен танысқан  Ғ. Ильясов ғимаратты аралап көрді. Бөбекжай заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Әр топқа арналған ойын алаңшалары, қысқы-жазғы шомылу бассейндері бар. Жас өрендердің  тәрбие алуына және олардың бойына білімнің алғашқы негізін қалауға қажетті жағдайдың барлығы жасалған.  Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі жаңа балабақшаның ашылуымен құттықтап, балғындарға жылы лебізін білдірді.

– Бала тәрбиесінде, оларды үлкен өмірге дайындауда балабақшаның рөлі зор. Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, 3-6 жас аралығында бүлдіршіндерді 2020 жылға дейін мектепке дейінгі мекемелермен қамтамасыз етілуі тиіс болатын. Бұл өзекті мәселе біздің өңірімізде мерзімінен бұрын шешілуде. Бүгін жаңа балабақша ғимаратының ашылуына куә болып отырмыз. Қуаныштарыңыз құтты болсын! – деді аудан әкімі Ғалымжан Ильясов.

Екі қабатты бөбекжайға 158 млн теңге бөлінген. Жаңа балабақшаның құрылысы 2015 жылы басталып,  өз мерзімінде ел игілігіне беріліп отыр.  Бүгінде аудан бойынша 41 жеке меншік иелігіндегі, 25 мемлекеттік балабақша бар.