Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Шымкент қаласында тазалық жұмыстары жүргізілді. Ағаш отырғызу, әктеу, сырлау жұмыстарына қала тұрғындары, мемлекеттік қызметкерлер, студенттер белсене қатысты.
Наурыз – тазару мерекесі. Тұрғын-жайларымызды абаттандырып, рухани іс-шараларға назар аударатын сәт. Қаратау ауданына қарасты Сайрам тұрғын алабындағы «Наурыз» саябағында да сенбілік өтті. Тұрғындар көптен бері қараусыз қалған саябақты ретке келтіріп, жалпы үш жүзден астам адам абаттандыруға үлес қосты.
Биыл ауданы 3,8 гектар /«Наурыз» саябағын/ демалыс орнын қайта құру жұмыстары жүргізіледі. Жарықтандыру, көгалдандыру, кіреберіс қақпасын жаңалау сынды толық күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда.
Қайта құурға тапсырыс беруші – Шымкент қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі. Жоба құны – 204 млн.теңге. Құрылыс биыл басталып, жыл соңына дейін аяқталады.
– Жобалау жұмыстарын аяқтадық. Көптен бері қараусыз қалған орынды бұрынғы қалпына келтіреміз. Құрылыс маусым айында басталса, қазанға дейін аяқтау жоспарда, – дейді Қаратау ауданының әкімі Ғалым Исмаилов.
Осылайша сайрамдықтар мереке қарсаңында игілікті іске ұйытқы болып отыр. Қоңыр күзде жаңарған, абаттанған саябақта серуендеуге мүмкіндік тумақ.
Сенбілікте барлық қаладағы мекемелердің аулалары мен көшелердің бойы тазаланып, қала тұрғындар мерекені тазалықтан бастады.