28.03.2016 в 18:44

Жамбылда «Әділет кеңес береді» акция аясында шара ұйымдастырылды

Бүгін «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының кезекті қоғамдық қабылдауы «Әділет кеңес береді» атты республикалық акциясы аясында ұйымдастырылды. Жамбыл облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары Ш.Айнакұлов бастаған басқарма өкілдері қоғамдық қабылдауға келген азаматтарға құқықтық және заң бойынша кеңес беріп, арыз-шағымдарын тыңдады.

Аталған акция аясында қала тұрғындары нотариалдық, адвокаттық, ХҚКО-ның және Азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімдерінің жұмысы және тағы басқа сұрақтар бойынша кеңес алу мүмкіндігіне ие болды. Атап айтсақ, Тараз қаласының тұрғыны Ш.Мурзахалова әжесінің қайтыс болғаны туралы куәлігін алу өтініші толықтай шешілді. Ал, Ф.Суханованың ҚР азаматтығын алу туралы өтініші оң шешімін табатын болды. Акцияға қатысушы азаматтардың және заңды тұлғалардың өкілдеріне толықтай кеңестер беріліп, толғандырып жүрген түрлі сауалдарына  нақты жауаптар алынды.

«Әділет кеңес береді» республикалық акциясы облыс бойынша барлық аудандарда өткізілді.