06.04.2016 в 17:19

Шымкентте жылу құбыры жаңғыртылмақ

Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов мәлім етті. Оның айтуынша, жаз мезгілінде «Шығыс», «Теріскей», «Сайрам» және 18 шағынаудандарындағы 220-ға жуық көпқабатты үйге ыстық су берілмейді. Бұл – келесі жылыту маусымына дайындық шараларына байланысты қолға алынған жұмыстар.

"Биыл қаланың солтүстік бөлігіндегі Н. Төреқұлов көшесінде құбырды жаңғырту мақсатында ұзындығы 6,5 шақырымдық жұмыс атқарылмақ. Республикалық бюджеттен қаражат бөлінген. Құрылыс жұмыстарына байланысты биылғы жаз маусымында аталған шағынаудандарда ыстық су қосылмайды. Бірақ, осы айдың 15-не дейін ыстық су беріледі. Сондай-ақ, ҚР қолданыстағы заң бойынша бес қабатты тұрғын үйлерден жоғары қабатты үйлерге автономды жылу қазандығын қоюға рұқсат етілмейді. «Нұрсәт» шағынауданында он үйге жасаған талдау жұмысы көрсеткендей, 669 пәтердің 75-і бүгінде автономды жылыту жүйесіне рұқсат келісім-шартқа өтіп кеткен. Осы жылу қорытындысы бойынша ол үйлердің бәріне ескерту ілінді. Өткен жылыту маусымында екі төтенше жағдай орын алған болатын. Қайғылы оқиғалар да кезікті. Солардың алдын алу мақсатында ескерту жұмыстарын жасадық", – деді Б. Жанбосынов.

Жалпы, қала бойынша жылу энергиясын орталықтан алатын көпқабатты үйлер 84 мың пәтер болса, оның 17-18 мыңы автономды жүйеге өткен.

Баспасөз мәслихатында қала әкімінің орынбасары жыл басында «Оңтүстік» шағынауданындағы кәріз жүйесінде апатты жағдай орын алған үйлердің мәселесіне тоқталып өтті.

- Апатты үйлерге қатысты жұмыстар заңға сәйкес жүргізілген. Алайда ол үйлерді жөндеу жұмыстарын жасауға тұрғындардың өздері келісім бермеді.  Қазір кәріз жүйесінде жөндеу жұмыстары атқарылып болды. Ол жерде тұрғындарға қауіп төніп тұрған жоқ, – деді қала әкімінің орынбасары.