10.04.2016 в 12:45

Шымкент көшелері үшінші мегаполиске лайықты болмақ

Шымкент қаласы аумағында биыл жалпы ұзындығы 54 шақырымды құрайтын 73 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бұл үшін облыстық және жергілікті бюджет есебінен 994 миллион теңге бағытталып отыр. Бас жоспарға сәйкес, аумағы кеңейіп, халық саны ұлғайған облыс орталығында көлік жолдарын қайта құру жұмыстары бүгінде өзекті мәселенің бірі. Жалпы ұзындығы 2650 шақырымға жуықтайтын қала көшелерінің тек 50 пайызы асфальтты-бетонды төселіммен қамтылған. Тиісінше, қала көшелерінің 40 пайызын шағал тас жолдары құраса, қалған 9 пайызы топырақ жол деңгейінде. Дегенмен, сала мамандары аталған олқылықтардың орнын толтыру үшін кезең-кезеңімен атқарылар жоспарлы міндеттердің белгіленгенін айтады.

Бүгінде «Қайтпас» шағынауданы, Төлеметов көшесінің бойындағы кіші айналма жолда қайта құру жұмыстары қызу қарқын алды. Бұған дейін еріген қар, жауған жауынның салдарынан шұрқ тесікке айналған асфальт жолдың тауқыметін тартқан жергілікті тұрғындар тіпті, қала әкіміне де өтініш-сауал жолдаған. Мәселенің өзектілігі ескеріліп, өткен жылы қайта құру жұмыстарының алғашқы кезеңі жүргізіліпті. Биылғы жылға өтпелі нысанды аяқтау үшін облыстық бюджеттен 200 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Жұмысты мердігер мекеме «Отау Строй» ЖШС атқаруда, -деп жазады shymkala.kz сайты.

Сонымен қатар қалалық әкімдік шаһардағы аяқ жолдар мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаевтың айтуынша, облыс орталығының көшелерін аяқ жолдармен қамту жұмыстары жыл өткен сайын жоғары қарқын алып келеді. Биыл бюджет есебінен 225 миллион теңге көлемінде қаржы қаралып, 20 көшеде аяқ жол төселмек. Атқарылған жұмыстардың ауқымдылығы мен нәтижесі де көңіл қуантады. Жергілікті тұрғындардың өтінішіне сәйкес, бүгінде Темірлан тас жолы – Мангелдин көшелерінің қиылысындағы жер үсті жаяу жүргіншілер өткелінде қызу жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілердің қатысуымен жол апаттарын болдырмау және алдын алу мақсатында Рысқұлов көшесі «Евразия» базары аумағында жер үсті, Республика даңғылы «Эмиль» сауда орталығы аумағында жер асты жаяу жүргіншілер өткелдерінің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, тиісті сала мамандарының тарапынан Рысқұлов көшесінің бойындағы «Самал» базарының жанынан жаяу жүргіншілер өткелін салу үшін жобалық сметалық құжаттар әзірленген. Аталмыш жер асты жаяу жүргіншілер өткелінің жалпы құны 116 миллион теңгені құрайды. Ал Тәуке хан-Қонаев даңғылдары қиылысында жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысына жобалық сметалық құжаттар әзірленуде.

2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму Тұжырымдамасын айқын белгілеп алған Шымкент қаласы үшін республикалық, облыстық маңызы бар күре жолдармен қатар, қала көшелерінің жолдарын да заман талабына сай қайта құру – негізгі міндет. Тиісінше, қызмет сапасына жауапты мердігер мекемелерге қойылар талап та жоғары. Бұл ретте, бірер жылда қала жолдары қармен бірге «еріп кетпес» үшін мердігер мекемелер де сапалы қызметіне ұзақ мерзімді кепілдік беруге әзір.