10.04.2016 в 15:25

Шымкентте 20 көпқабатты тұрғын үй салынбақ

Шымкент қаласының аумағы кеңейіп, қала тұрғындарының саны артып келеді. Демографиялық өсімі жоғары бұл өңірде жергілікті азаматтарды баспанамен қамту мәселесі басты назарда. Әлемдегі экономикалық дағдарысқа қарамастан қалада тұрғын үй құрылысы дамып, қарқын алуда. Мәселен, жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы мен «Тұран» шағынауданының шығыс бөлігінде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп, өткен жылы 2699 пәтерді құрайтын 37 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамы арқылы 15 үй тапсырылып, 1080 отбасы баспаналы болды. Сонымен қатар, өткен жылдан биылға өтпелі 4 үй бар. Олар «Тұран» шағынауданында салынуда. Бұлардың басым бөлігі мемлекеттік қызметкерлердің уақытша тұруы үшін берілетін қызметтік және жас отбасыларға арналған үйлер. Сонымен қатар, мұнда биыл да 4 үйдің құрылысы басталса, жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 12 жалдамалы тұрғын үйдің құрылысы жүреді. Аталған нысандарды салуда отандық құрылыс материалдары қолданылатын болады.

Ал, 2017 жылы «Тұран» шағынауданында заманауи тұрғын үйлер салынады. Бұл жобаларды жүзеге асыру мақсатында қала басшысы Ғабидолла Әбдірахымов бірқатар инвесторлармен кездесіп, келіссөздер жүргізген.

Айта кетейік, бүгінде қалада 20 мың азамат баспана кезегінде тұр.