Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі басшысының орынбасары Жәнібек Тоғайдың айтуынша, шаруаларға көмек дер кезінде беріліп жатыр. Тауар өндірушілердің арзандатылған отынға 2016 жылдың 3 наурызынан бастап қолдары жеткен. Жеңілдетілген жанар-жағармай отынының 1 литрі орташа есеппен 84 теңгені құрады. Шаруалар үшін мемлекеттен берілетін субсидия да жұмысты атқаруға бірден-бір көмек екені белгілі. Дегенмен, оны алудың жүйесі өзгеріпті.
– 2016 жылға субсидия беру тәртібі өзгерген. Бұл негізінен көкөніс, бақша дақылдарын егушілер үшін. «Даму» бағдарламасы бойынша шетелден техникалық құралдар алып, инвестициялық жобалар бойынша жұмыс істейтіндерге субсидия беріледі. Демек, бұрынғыдай өнімге емес, бұдан былай ендірген технологиясына қатысты беріледі. Ал асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды қолдау бойынша өзгеріс жоқ, – дейді Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі басшысының орынбасары.
Бұл – қазіргі дағдарысқа байланысты шаруаларға тиімді жағдай жасау мақсатында қолға алынып отыр. ҚР Үкіметтің қаулысы да өзгеріп тұратыны мәлім. Түптеп келгенде жаңа технологияға арқа сүйеген шаруаларға көмек те тиісінше беріледі.