14.10.2018 в 00:21

«ӨҢІРЛІК ЖАСТАР ФОРУМЫ» ЖАЛЫНДЫ ЖАСТАРДЫ ЖИНАДЫ

 

Тараз қаласындағы “Достық үйінде”  “Өңірлік жастар форумы” өтті.  Форум Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің “Жастар ресурстық орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қолдауымен жастар саясатындағы жастардың рөлі мен жастардың арасындағы шешілмей жатқан мәселелерді талқылап, шиеленіскен жағдайларды шешу мақсатында өтіп отыр.

Форумға “Өңірлік жастар Форумына”  жалынды, елі үшін қызмет етуден тайынбайтын мәдениет, спорт, білім-ғылым, кәсіпкерлік салалары бойынша жетістіктері бар белсенді жастар, жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарының жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағалары мен төрайымдары, жастар қоғамдық бірлестіктерінің төрағалары мен мүшелері, “Жас Отан” жастар қанатының көшбасшылары мен мүшелері қатысты.

Жиында Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің директоры Нұрлан Қанатов – “Қазақстан 2020: болашаққа жол” ҚР мемлекеттік жастар саясаты туралы тұжырымдамасының II кезеңінің қала көлемінде іске асыру”  барысы туралы баяндама жасады.

Сондай-ақ, “Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы” заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Ислам Дастан “Әлеуметтік желілердің жастарға әсері” атты баяндамасын таныстырды.

– Қаламыздағы белсенді жастардың басын қосып, 2016-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік жастар саясаты туралы заң тұжырымдамасының екінші кезеңін жүзеге асырып жатырмыз. Сол тұжырымдаманың екінші кезеңіне сәйкес жастардың арасындағы тұрғын үй, білім, денсаулық мәселесі осы форумда көтерілетін болады және соны шешу жолдарын ұсынатын боламыз, – дейді Тараз қалалық “Жас Отан” Жастар қанатының бөлімше жетекшісі  Бақытжан Құтжан.

Айта кетейік, мұндай форум елімізде 2015 жылы 9 ақпанынан бері “Мемлекеттік жастар саясаты туралы” заңның аясында жыл сайын өтеді. Аталмыш заң жастардың әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесуге, сондай-ақ мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне жас азаматтардың белсенді қатысуы үшін жағдай жасауға бағытталған мемлекеттік жастар саясатының тиімді үлгісін қалыптастыру мақсатында әзірленген. Жалпы алғанда, заңның негізгі мақсаты жастардың табысты әлеуметтенуіне бағытталған тиімді мемлекеттік жастар саясатын қалыптастыру үшін заңнаманы жетілдіру, олардың әлеуетін ел дамуына жұмсау болып табылады. Бұдан бөлек, құжатта мемлекеттік жастар саясаты субъектілерінің жұмыс істеуіне құқықтық мүмкіндіктер беру, жастармен тиімді жұмыс істеудің тетіктерін қалыптастыру, жастардың құқықтарын кеңейту нормалары қамтылған.