13.07.2024 в 20:03

Қазақстан БАӘ-мен көпжақты ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән береді

Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы елшісі Мұхаммед Саид Мұхаммед әл-Арикиді қабылдап, сауда-экономика және инвестиция салаларындағы жеткен жетістіктер мен екі ел арасындағы стратегиялық инвестициялық жобалар туралы бірлескен декларация аясындағы жұмыстарды жалғастыруды талқылады.

Өз сөзінде Президент еліміз БАӘ-мен көпжақты ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән беретінін атап өтті.

Одан бөлек, кездесуде ақпараттық технологиялар мен көлік-логистика, энергетика салаларындағы ынтымақтастық перспективалары қаралды.

Айта кету керек, жыл басында Әбу Даби қаласында Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ және Біріккен Араб Әмірліктерінің Инвестиция министрлігі арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.

Мақсат - Қазақстанда деректерді өңдеу орталықтарын салу жөніндегі жобалар бойынша инвестициялық ынтымақтастыққа негіз құру болып табылады.

Сондай-ақ, 2024 жылдың қаңтарында Қазақстанның  Әмірліктердегі сол кездегі Елшісі Мадияр Меңілбеков БАӘ Федералды ұлттық кеңесінің төрағасы Сақр Ғобашпен кездесіп, парламентаралық, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық саладағы ықпалдастықты ілгерілету жолдары талқыланған болатын.

Одан бөлек, Қазақстандық дипломат БАӘ Президентінің дипломатиялық кеңесшісі Ануар Гаргашпен кездесіп, екі ел арасындағы түрлі салалардағы ынтымақтастық жайын талқылады.

Ал, БАӘ Мемлекеттік министрі Ахмед Али әл-Сайехпен кездесуде сауда-экономикалық ынтымақтастық, шарт-құқықтық базаны кеңейту мәселелері талқыланды.

Сәуір айында Президент жарлығымен Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшісі болып тағайындалған Нажмедин Мұхаметәліұлы Сыртқы істер министрінің орынбасары Сейф Абдулла әл-Шамсимен кездесіп, сенім грамоталарының көшірмесін табыстады.

Маңызды кездесуде екіжақты серіктестіктің бүгінгі жағдайы мен алдағы жоспарлары бойынша пікір алмасты.

Энергетика саласындағы серіктестікті дамыту мақсатында Елші Н.Мұхаметәліұлы «Masdar» компаниясының бас атқарушы директоры Мұхаммед әл-Рамахимен кездесіп, аталған комапниямен Қазақстанда қуаттылығы 1 ГВт жел электр станциясын салу жөніндегі жобасының маңыздылығын, Қазақстанның жасыл энергетиканы дамыту саласындағы әлеуетін талқылады.

28 мамырда Дубайда Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін, оның Орталық Азиядағы экономикалық рөлін және AIFC қызметін таныстыру мақсатында ұйымдастырылған “AIFC Connect: UAE 2024” іс-шараға 100-ден астам түрлі компаниялар мен инвестициялық банктерден, заң фирмалары мен консалтингтік және халықаралық қаржы ұйымдарынан 130-дас астам өкіл қатысты.

Аталған іс-шарада қазақстандық елші еліміздің инвестициялық жағдайы мен бизнес үшін көрсетілетін қолдаулармен таныстырып, екі ел арасындағы экономикалық дипломатияның рөліне назар аударды.

Сонымен қатар, жаңадан тағайындалған елші ретінде БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянға сенім грамоталарын табыстап, Мемлекет басшысының ізгі тілектерін жеткізіп, екі ел арасындағы түрлі салалардағы ынтымақтастықты дамытудағы мүдделілікті қуаттады.

Біріккен Араб Әмірліктерінің Сыртқы істер министрі шейх Абдалла бен Заид Әл Наһаянмен кездесуде екіжақты сапарлар мен іс-шаралар кестесі қарастырылып, Қазақстан-Әмірліктер ынтымақтастығының  одан әрі даму жолдарын талқылады.

Біріккен Араб Әмірліктерінің Әділет министрі Абдалла бен Султан әл-Нуеймимен кездесуінде қылмыстық-құқықтық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты талқылап, іздеуде жүрген адамдарды экстрадициялау, қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету мәселелерін қарастырды.

Айта кету керек, екі ел арасындағы ынтымақтастық Мемлекет басшыларының қолдауымен және бірлескен сапарлар мен кездесулердің, қабылдаулардың нәтижесінде қарқынды дамуда.