19.09.2024 в 18:35

«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: АЛАЯҚТАРҒА АЛДАНҒАНДАР КӨМЕК СҰРАП КЕЛДІ

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалында «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды. Шараның негізгі мақсаты — заң тұрғысынан азаматтарға қолдау көрсету, олардың құқықтық мәселелерін шешуге көмектесу.

Қабылдауда партия филиалының Атқарушы хатшысы Мұрат Жолдыхожаев, «Zangerler Palatasi» заң консультанты Мурат Идирисов, мемлекеттік сот орындаушы Қыстау Құрбанбек, адвокаттар Ерлан Тлеуов пен Шолпан Жолдасова қала тұрғындарын жеке қабылдап, олардың арыз-шағымдарын тыңдады. Сонымен қатар, Тұрғын үй басқармасы мен Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының өкілдері қоғамдық қабылдауда көтерілген мәселелерге қатысты азаматтарға жауап берді.

Қоғамдық қабылдауға 10-ға жуық азамат келіп, түрлі құқықтық проблемаларын ортаға салды. Көпшілігі баспана төңірегіндегі даулы мәселелерді көтерді. Мысалы, Қазығұрт шағын ауданының тұрғыны банк алдындағы берешегін өтей алмағандықтан, жеке мүліктерінің арестке қойылғанын айтты. Заңгерлер оған сот орындаушыны тауып беріп, мәселені шешудің жолдарын көрсетіп, кеңес берді.

Одан бөлек, өз үйінен айрылып қалған кейуана да заңгерлерден көмек сұрады. Оның айтуынша, ұлдары қайтыс болғаннан кейін немересі оны үйінен қуып шығаруға тырысқан. Іс сотқа жетіп, ақжаулықты ана жеңіске жеткенімен, соттың үкімі әлі күнге дейін орындалмай жатқанына наразы. Адвокат Шолпан Жолдасова оған іспен жеке айналысып, көмек көрсететінін айтты.

Сонымен қатар, бірнеше ата-ана балаларының жазықсыз сотталып жатқанын айтып, көмек сұрады. Олар ұл-қыздарының есірткі саудасымен айналысатындардың арбауына түсіп, қылмыстық іс қозғалғанын баяндады. Адвокат Ерлан Тлеуов оларға мәселені Жоғары сотқа жеткізу жолдарын түсіндіріп, арыз жазу барысында назар аудару қажет болатын жайттарды атап өтті.

«AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» жобасы азаматтардың заң тұрғысындағы даулы мәселелерін шешуге бағытталған маңызды шаралардың бірі болып табылады. Жыл басынан бері 60-қа жуық қабылдау өткізіліп, 350-ге тарта азаматтың арызы тыңдалған. Бүгінде оның 41% оң шешімін тауып отыр.

Бұл жоба азаматтардың құқықтарын қорғауға, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге және заңды қамтамасыз етуде партияның белсенділігін арттыруға бағытталған.