Облыс әкімдігінің бүгінгі мәжілісінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев қоғамдық орындардың мүгедектігі бар азаматтар үшін қолжетімсіздігін сынға алды
– Өкінішке қарай, азаматтар дүкендерге кіре алмайды, жолдардан өте алмайды, қоғамдық көлікке, автобустарға мінулері қиын. Бар пандустар қолданыста қиындық тудыратын жерлер кездеседі. Бұл – олардың құқықтарын тікелей бұзу, – деп мәлімдеді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, облыс әкімі атқарушы орган мамандарына қоғам өкілдерімен бірге елді мекендердің көшелерін аралап, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған қолжетімділікті мұқият тексеруді тапсырды.
Қоғам өміріне, еңбекке араласқысы келетін мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту бағдарламасы аясында аудан әкімдеріне 15 желтоқсанға дейін жұмыс орындарын ұйымдастыру тапсырылды. Бұл бағдарлама бюджеттен субсидияланады және бұқаралық ақпарат құралдары аймақ басшысы тапсырмасының орындалуын бақылап отыратын болады.
– Әсіресе, ауылдарда мүгедектігі бар адамдар үйлерінде отыр. Олар да спорт кешендеріне, мәдениет үйлеріне барып тұруы керек. Ол үшін жағдай жасау қажет, – деп әкім ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған инфрақұрылымды дамытуды да тапсырды.