12.12.2025 в 20:50

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: АРЫСТА 5 ГЕКТАР АЛҚАПҚА АЛМА БАҒЫ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

«Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» демекші, адам ғұмырындағы ең үлкен істердің бірі тал егу. Ол біздің болашағымызға және Табиғат анаға жасаған үлкен сыйымыз. Осы орайда  «Жасыл Арыс» КММ 5 гектар жерге 2 000 түп алма көшетін отырғызды.

      «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Арыс қаласында арнайы жеміс бағын құру жөнінде қала әкімі Қайсар Маңқараев тапсырма берген болатын. Осы мақсатта «Жасыл Арыс» КММ-і 5 гектар жерге 2 000 түп алма көшетін отырғызды. Көшеттер өңірде кеңінен сұранысқа ие «Салтанат», «Бес жұлдыз» және «Золотой превосход» сорттарынан таңдалған. Бұл сорттар мол өнімділігімен, ерекше дәмімен және 5-6 метрге дейін жететін биіктігімен ерекшеленеді.

      Жасыларыстықтар жұмыстарды алдын ала тыңғылықты дайындықтан бастаған. Жер жыртылып, тегістеліп, арнайы техникамен стандартқа сай ұялар қазылды. Көшеттердің түптеріне қажетті тыңайтқыштардың толық құрамы енгізіліп, суғару үшін екі үлкен су қоймасы мен су ұңғымасы әзірленген.

       –Қала басшысы жеміс бағын ұлғайту жөнінде нақты тапсырма берген еді. Осыған орай топырақ құрамын зерттеп, ең қолайлы үш сортты таңдадық. Алдағы уақытта тамшылатып суару жүйесін орнату жоспарымызда бар. Сәтін салса, арыстықтардың өз алма бағы қалыптасады. Алма ағаштары үш жыл ішінде толық тамыр жайып, жеміс бере бастайды. Алайда, бұл кезеңде қауіпсіздік шараларын сақтамау және климаттық өзгерістердің әсері жеміс қалыптасу үрдісіне кері ықпал етуі мүмкін. Мәселен көктемнің соңында немесе жаздың басында болатын ауа райының құбылмалылығы, қатты жел, ұзаққа созылған жауын-шашын немесе кенеттен соққан үскірік алғашқы түйіндердің дамуын тежеп, олардың толыққанды жеміске айналуын бір жылға кейінге шегеруі ықтимал.  Сонымен қатар ағаштардың айналасындағы арамшөптерді жүйелі түрде отап тұрған жөн. Тамырға оттегі мен ылғалдың дұрыс жетуін қамтамасыз ету үшін топырақты қопсыту, ылғал дұрыс жетуі үшін су арналарын үнемі тазалап отыру қажет. Егер бұл жұмыстар дер кезінде жүргізілмесе, қоректік заттар арамшөптерге кетіп, көшеттердің өсу қарқыны баяулап, өнімділік деңгейі төмендейді, – дейді «Жасыл Арыс» КММ директоры Бақтияр Асилов.

         Жаңа алма бағы Теміржолшы елді мекеніне баратын жолдың бойындағы 50 гектар арнайы аймақта орналасқан. Аумағы толық қоршалып, инженерлік дайындық жұмыстары толықтай аяқталған. Болжам бойынша, 2027-2028 жылдары ағаштар алғашқы өнімнің нышанын бермек.

      Қазақ халқының болмысында табиғатқа деген шексіз құрмет пен терең түсінік қалыптасқан. «Бір тал кессең, он тал ек» деген нақыл сөз – қазақ халқының қоршаған ортаға деген жауапкершілігінің айқын дәлелі. Ағаш – тек жасыл желек қана емес, ол адамға сая, табиғатқа қорған, болашаққа мирас.

Ағаш егу – бір күндік науқан емес, ежелден бері ата-бабамыздың санасына сіңіп, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан игі дәстүр. Қазақ халқы көгерген талды тек табиғаттың көркі ғана емес, жердің ырысы, елдің берекесі деп санаған.