Түркістан облысында халықты газбен, сумен, электрмен және сапалы жолмен қамту жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров баяндады.
– Мемлекет басшысы халқымыздың тамыры – ауылда екенін ерекше атап өтті. Облыс халқының 75 пайызы ауылдық жерлерде қоныстанған. Сондықтан өңірімізде ауылды инфрақұрылыммен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Облыста жалпы 2,1 млн тұрғын немесе 98,5%-ы ауыз сумен қамтылған (763 елді мекен). Биыл қосымша 30 елді мекен жаңадан ауыз су құбырына қосылып, 11 елді мекеннің тозған су жүйелері жаңартылады. Нәтижесінде халықты ауыз сумен қамту деңгейі 100%-ға жетеді деп жоспарланып отыр. Ауыз суды кестемен ішетін 192 елді мекеннің мәселесін алдағы 3 жылда толық шешу жоспарланған.
Табиғи газбен 1 млн 834 мың адам (563 елді мекен) қамтылып, жалпы қамту деңгейі 85,5%-ды құрады. Биыл қосымша 37 елді мекенге газ құбыры тартылуда. Нәтижесінде газбен қамтылған халықтың жалпы саны 1 млн 900 мыңға немесе 88,9%-ға жетпек (600 елді мекен).
2 жылда 66 елді мекеннің электр жүйелері жаңғыртылып, сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілді. Биыл облыста 289 нысанға немесе 1 236 шақырым жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл қорытындысымен 951,4 шақырым пайдалануға беріліп, жолдардың нормативті үлесі 94,7%-ға жеткізіледі.
Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 700 шақырымды құрайды. Биылғы жыл қорытындысымен жақсы және қанағатты жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың үлесін 93,7 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл бағытта, биыл автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен 41,4 млрд. теңге бөлінген. Құрылыс-жөндеу жұмыстарының нәтижесінде 1061,3 шақырым жол жөндеуден өтсе, жыл қорытындысымен 560 шақырым жол пайдалануға беріледі деп күтілуде.
– Жолдардың құрылыс сапасы – басты назарда. Жол құрылысын қолға алған мердігерлер мен сапасын қадағалаушы мекемелер тиісті жұмыстарды қолға алуы тиіс. Жолды салу да, жөндеу де бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуі керек. Тұрақты қадағаланады, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, облыстық маңызы бар жолдарға тиісті қаржы бөлініп, 379,5 шақырым жол құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Жыл қорытындысымен 207,6 шақырым жол, 4 көпір, 4 құбыр, 2 жарықтандыру жобасын пайдалануға беру көзделуде. Қазіргі таңда, 11 нысан толықтай пайдалануға берілсе (5 жол, 1 көпір, 4 құбыр, 1 жарықшам), қалған 9 нысанда жұмыстар жалғасуда. Осы орайда, биыл басқарманың тапсырысымен іске асырылып жатқан нысандарда «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК ТОФ тарапынан 642 сынама алынып, 96 сынама сәйкес келмеді. Соған сәйкес, кемшіліктерге жол берген мердігер, техникалық және авторлық қадағалаушы мекемелерге 120-ға жуық ескерту хаттар беріліп, 7,3 млн. теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ сапасыз салынған 8100 м2 асфальт жабыны қайта төселді.
Биыл аудандық маңызы бар жолдарға – 2,6 млрд. теңге бөлініп, 97,3 шақырым жол күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Атап айтсақ, елді мекен көшелері бойынша 197 жоба н/е 584,4 шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Оның ішінде, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 98 елді мекенде жалпы 131 нысан немесе 482,5 шақырым көше жөндеуден өткізілуде. Жыл қорытындысымен 104 нысан (365 көше) немесе 325,2 шақырымы пайдалануға беріліп, индикатор көрсеткіші 70%-дан 74%-ға жетеді.