12.12.2025 в 21:25

ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС ҰДАЙЫ ЖАЛҒАСАДЫ

      Жемқорлық деген түсінік соңғы жылдары елімізде жиі айтылатын сөздердің біріне айналды. Қанша жерден «жемқорлықтың түбіне балта шабу керек, жемқорлықты тыю керек, жемқорлық деген ағаштың дініне түскен жегі құрт секілді жаман құбылыс, жемқорлықпен қоғам болып күресуіміз керек» десек те, жеме жемге келгенде нәтиже сезініп отырғанымыз шамалы. Әлі де болса елімізде жемқорлық деректерімен істі болған шенеуніктердің саны азаймай тұр. Жемқорлық салдарынан кері кетіп оңалмай тұрған салаларымыз да жетерлік. Жемқорлықпен күрес нәтиже берген елдердің де тәжірибесі елімізде үздіксіз қолданылып жатыр.

      Елімізде соңғы сегіз жылда сегіз мыңға жуық адам жемқорлық бойынша істі болыпты. Әйтсе де жемқорлық деректері азаймай отыр. Демек соттап, қамап біз күткен нәтижеге жете алмаймыз. Жемқорлық деректері азаюы үшін, оның алдын алу жұмыстарын да күшейтуіміз керек. Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің хабарлауынша, жылына мыңға жуық адам жемқорлық әрекеті үшін жаза арқалап отыр екен. Жемқорлар бойынша, ең көп сот үкімі шыққан жыл – 2018 жыл болғанын статистика аңғартып отыр. Сол жылы  1 079 адам жемқорлығы үшін айыпталып сотталған. Сыбайлас жемқорлық бойынша жаза арқалаған танымал адамдар да жетерлік. Демек еліміздегі шенеуніктер атын қаралап алудан да қорықпайды. Әсіресе ірі жоспарланған шаралар кезіндегі жемқорлыққа жол берілуі халықты шошытпай қоймай отыр. Бұл бетімен кете берсе жемқорлардан қорқып, не ірі құрылыс нысандарын салмай, не ірі шараларды өткізе алмай жалпы қоғам дамымай қалу қаупі де туындайтындай. Сондықтан жемқорлықпен күрес тәсілдерін өзгертіп, жалпы қоғамның жемқорлыққа нық әрі сенімді күресін барынша қолдау қажет. Онсыз жемқорлықпен күресіп қарық бола алмайтын секілдіміз. Осы орайда жемқорлық туралы хабарлаған жандарға сыйақы беру, жемқорлық дерегі орын алған кезде бірінші жауапты тұлғаны жазаға тарту, жемқорлыққа жазаны күшейту секілді шаралардың оң нәтиже беріп жатқаны да назарға алынып, жемқорлықпен күрес жыл сайын жаңартылып, алдын алу жолдары да күшейтіліп отыруы қажет секілді.

       Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимыл жүйесін қалыптастыру үшін ең алдымен қазіргі заманғы жағдайларда оның көріністеріне ықпал ететін негізгі факторларды айқындау қажет. Оның ішінде қазіргі уақытта неғұрлым өзектісі біріншіден, олардың нормалары құқық қолдану кезінде сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттерін жасауға көбіне жағдайлар жасайтын салалық заңдардың жетілдірілмеуі болып табылады.

 

      Құқықтанудың қыр-сырын білмейтін азаматтар үшін практикада мұндай заңдардың ережелерін дұрыс түсіну мен тиісінше ұғыну қиынға соғады.  Екіншіден, мемлекеттік және корпоративтік басқару ашықтығының жеткіліксіз болуы. Басқарушы шешімдерді әзірлеу және қабылдау процестері, оның ішінде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын шешімдер туралы сөз болған жағдайларда әлі де ең жабық процестердің бірі болып қалуда.

      Үшіншіден, лауазымды адамдардың мемлекеттік қызметтерді көрсеткен кездегі халықпен тікелей байланысына байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдері сақталуда.

      Төртіншіден, халықтың, оның ішінде мемлекеттік сектор қызметшілерінің өздерінің құқықтық мәдениетінің деңгейі әлі де төмен, бұл арам пиғылды қызметкерлерге оны пайдакүнемдік, құқыққа қарсы мақсаттарда пайдалануға мүмкіндік береді.

      Бесіншіден, азаматтар мінез-құлығының сыбайлас жемқорлыққа қарсы моделін және сыбайлас жемқорлықты қабылдамаудың қоғамдық ахуалын қалыптастыру бойынша кешенді және мақсатты ақпараттық жұмыстың болмауы.

      Алтыншыдан, мемлекеттік қызметшілердің жекелеген санаттарының еңбекақысының және мемлекеттік қызметтегі әлеуметтік кепілдіктердің жеткіліксіз деңгейі.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі алдын алу жұмысын күшейтудің тағы бір маңызды факторы бағыныстыларының сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін басшылардың жауапкершілігі болып табылады. Мұндай тәсіл мемлекеттік қызметте парасаттылықты қамтамасыз ету жүйесін едәуір нығайтады.