12.12.2025 в 21:25

МАСКҮНЕМДІК – ҚОҒАМНЫҢ АУЫР ДЕРТІ

      Қазақстанда алкогольді ішімдікке қарсы  жан-жақты күрес жүргізіліп келе жатыр. Мемлекет әркез бұл жағдайды назардан тыс қалдырмай, алкогольге қатысты  түрлі жұмыстар істеуде. Елімізде  мемлекеттік мекемелерде салауатты өмір салты  жиі насихатталып жүр. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған  қаулысымен мемлекеттік бағдарламасы бекітілген болатын. Халықтың саламатты өмір салтын ұстануын қалыптастыру және қоғамдық денсаулық қызметін дамыту  – басты міндеттердің бірі. 2025 жылға қарай елімізде азаматтардың  өмір сүру ұзақтығының 75 жасқа дейін өсуі және 18 жастан асқан адамдардың таза спирт литрімен тіркелген алкоголь тұтынуы 6,5 литрге дейін азаюы  ең маңызды жоспарлы индикаторлардың бірі болып саналады.

     Бізде маскүнемдікпен күрес жүргізу және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында біршама ауқымды шаруалар атқарылуда. Бірақ сонда да қаншама адамның тағдырына балта шабылып,  қаншама отбасы ойран болып, өзінің кесірін тигізуде.

      Маскүнемдік – қоғамның ауыр дерті.  Өмірде отбасылық және өмірлік қиындықтарға тап болғандар да ішімдікке салынып кетеді. Тіпті «біреу тойып секіреді» дегендей, еріккеннен араққа салынып кеткендер де бар. Алкоголь басында қиналғанда демеу, шаршағанды басатын  қасиеті бар сияқты көрінгенмен, бара-бара өзіне тез тәуелді етеді. Адам ағзасын зақымдап, бұзады. Медицинада алкогольге тәуелділікті ауру ретінде қарап, шұғыл емдеуді талап етеді.

       Алкогольді ішімдіктердің адам ағзасына тигізетін тікелей зияндарын айтпаса да түсінікті. Ол  түрлі-түрлі  қылмыстарға апарады.  Осы мас адамдардың кесірінен  қоғамдық тәртіпті бұзатындар, қылмысқа баратындар  көптеп кездесіп жатады. Ішіп алып көлік жүргізетін мас жүргізушілердің қатысуымен болған жол-көлік апаттарынан қаншама жазықсыз азаматтарымыздың өмірі  қиылып, мүгедек болып қалып  жатыр. Мас болып  отбасының шырқын бұзып, балаларын ұратын, жақындарын қорлап, әйелін көк ала қойдай сабайтын еркектер жайлы күнде  естіп, біліп жатамыз. Қаншама отбасыларда ерлі-зайыптылар  ажырасып, алкогольге тәуелділіктің  зардабын балалары тартуда.  Жасынан ішімдікке үйір болатын балалар маскүнем ата-анасынан, ішкіш ересектерден көргенін қайталап, көше кезіп, қаңғыбасқа айналуда. Арақ ішетін отбасыларда физикалық және психикалық денсаулығында ақауы бар  кеміс балалар дүниеге келіп жатады.  Алкогольді  тұтыну еліміздегі барлық қауіпті  аурулардың тууына себепші болады екен.

       Кез келген ішімдік ішетін адам бір күні өзінен «осым дүрыс па? бұрыс па?» деп, сұрайтыны рас. Сонымен, осы зиянды әрекеттен мүлде бас тартуға бола ма?  Жай ғана «тастаймын ба? жоқ па?» деп, бір-екі минут толғанғаннан нақты бір шешім шығарамын деп ойламаңыз. Ол үшін нық қадам жасау керек. Егер ол біз ойлағандай оңай нәрсе болса, әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллион адам спирттік сусынның құлы болып жүрмес еді. Алкогольден құтылу – кез келгеннің қолынан келетін шаруа. Бұл орайда, бұрын тоқтаусыз ішіп, қазір ол бодандықтан құтылғандардың мысалын көптеп келтіруге болады.

       Зерттеушілер кез келген адам алкоголизмге ұшыраймын деп ойламайтынын айтады. Бұл дертті де тұқым қуалаушылық факторы айналып өтпейді екен. Адам ішкіш болып тумайды, ол келе қалыптасатын зиянды әдет. Сол сияқты әрбір осы жолға түсушінің өзіндік себебі бар: кейбірі жеке өміріндегі проблемалардың кесірінен тап болса, біреулері жақын адамын жоғалтқан соң алкогольмен «достасып» кетеді. Бір адамдар қызықты компаниямен қосылып, қолына стақан алса, біреуі жалғыздықтан шаршап шараппен «сырласады». Осы секілді бір-біріне ұқсамайтын қаншама себеп болса да,  барлығының жетер жері біреу ғана – өмірінің соңына дейін жарамсыз болып қалған денсаулық, жақын туыстарымен келіспеушілік, кері кеткен мансап пен жеке өмірінің деградациясы.

       Бұл әдеттен құтылудың әдістеріне тоқталмас бұрын, алкогольдің (этильді спирт, этанол) неден тұратынын айта кетейік. Жауыңды жеңу үшін оның қыр-сырын танып, мықты тұсы мен осал жағын да қарастырған жөн.