16.02.2015 в 22:22

Назарбаева кезектен тыс президент сайлауын қолдауға шақырды

ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары, "Нұр Отан" партиясы фракциясының жетекшісі Дариға Назарбаева Қазақстан халқы ассамблеясының (ҚХА) кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы бастамасын қолдауға шақырды, - деп хабарлайды Мәжіліс аппаратының баспасөз қызметі. 

Мәжілісте "Нұр Отан" партиясы фракциясының жетекшісінің төрағалығымен Қазақстан халқы ассамблеясы Кеңесінің бастамасын қолдауға арналған жиналыс өтті. Назарбаева 14 ақпан күні ҚХА Кеңесінің биыл кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы бастама көтергенін, ал бүгін партия басшылығы мен Саяси кеңес бюросы кезектен тыс президенттік сайлау өткізу бастамасын қолдау жайында үндеу жариялағанын еске салды.

"Нұр Отан" партиясының фракциясы партияның негізгі ресурсы ретінде, қазақстандықтарды, қоғамдық ұйымдарды, жастарды осы бастаманы қолдауға шақырады. Президенттік сайлау өткізу - еліміз бен халқымыздың мүддесі үшін өте маңызды, өте жауапты шешім. Бұл - Қазақстанның жарқын болашағы мен гүлденуі жолында қазақстандықтардың күш-жігерін бір арнаға тоғыстыру. Бүгінгі күні барлық азаматты Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айналасына топтастыра отырып, бірлік, келісім және тұрақтылықты бұрынғыдан да нығайту, мемлекеттің іргесін бекіте түсу айрықша маңызды. Бұл - ұзақмерзімді "Қазақстан - 2050" Стратегиясын және "Мәңгілік Ел" идеясын жүзеге асыра отырып, бұрынғыдан да қуатты, айбынды, бірлігі бекем ел болуымыздың тарихи мүмкіндігі", - деді фракция жетекшісі.

Жиналыс барысында президент сайлауын өткізу бастамасын қолдап, "Нұр Отан" партияның Саяси кеңесінің мүшесі Қуаныш Сұлтанов, фракция мүшелері Виктор Рогалев, Оразгүл Асанғазы, "Халық Қаһарманы" Бақытжан Ертаев сөз сөйледі. Жиналысқа Парламент Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланған депутаттар да қатысты. Басқосу қорытындысы бойынша қаулы қабылданды.