09.09.2015 в 15:35

Парламент сайлауы туралы болжам

Қазақстанда Парламенттік сайлау мерзімінен бұрын өткізілуі жөнінде қоғамдық пікір қалыптасты. Сарапшылардың дені Парламенттің төменгі палатасына депутаттар сайлау уақытынан ерте өткізіледі дейді. Тіпті осы жылдың соңына боп қалуы мүмкін дегенді де естіп жатырмыз.

Негізі заң бойынша ҚР Парламентінің сайлау 2016 жылдың тамыз айында өтуі тиіс. Елімізде 2015 жылдың 26-сәуірінде ҚР Президентін кезектен тыс сайлаған болатынбыз. Сол кезде 2016 жылы екі сайлаудың қатар келуі заңға қайшы деген аргумент басымдыққа ие болған. Сондықтан биыл парламент сайлауы өтуі екіталай. Неге? SAIGEZ өзінің болжамын ұсынады.

Сайлау туралы әңгіменің шығуына мынадай факторлар ықпал етсе керек:

Біріншіден, Қазақстан коммунистік партиясы қызметін тоқтатқаны белгілі.

Оппозициялық партия Серікболсын Әбділдин сияқты салмағы мығым саясаткердің кезінде халық арасында беделді болған. Алайда, Қазақстан халықтық коммунистік партиясының құрылуы қарапайым электоратты таңдауда белгілі бір дәрежеде шатастырды. Коммунистік кезеңді аңсайтындар сайлауға құқығы бар аға буынның арасында әлі де бар екенін жасырмау керекпіз. Осы мүмкіндікті ҚХКП жақсы пайдаланып кетті. Бұл ҚКП-ның түбегейлі жұмысын тоқтатуға әкелді.

Екіншіден, Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясындағы бірінші орынбасарын ауыстырды. Оңтүстік Қазақстан облысын 6 жыл 6 ай басқарған Асқар Мырзахметовты тағайындады.

Сарапшылар Бауыржан Байбекті жаңа қырынан сынамақ ниетте десе, енді бірі көп жыл отырған қос әкімді ауыстыру осындай жағдайларға итермеледі дейді. Шаруашылықта, ұйымдастыруда өзін көрсеткен Асқар Мырзахметовты «Нұр Отанға» әкелу үлкен додаға жақындық деп түсінгендер жоқ емес. Сайлау туралы әңгіменің таруына әсер еткен екінші фактор осы болса керек.

Үшіншіден, «Ауыл» және Патриоттар партиясының алдымен төрағалары ауысты. Қалиев пен Қасымов яғни қос Ғанидың шапан киіп партия басшылығынан кетуі екі саяси құрылымның қосылуымен аяқталды. Асқар Мырзахметовтың ОҚО-дағы орынбасары болып, кейіннен Сенатқа өткен Әли Бектаев «Ауыл» халықтық партиоттар партиясын басқарып шыға келді. Тыныштықта «ұйықтап» кеткен екі кішкентай партиялардың үлкен саяси күш боп «оянуы» да сарапшылардың сайлау науқаны жақындады деп топшылауына үшінші негіз болды.

Парламент сайлауы қашанда тартысты әрі қызықты өткен. 2004 жылғы партиялардың күресі әлі ұмытыла қойған жоқ. 2007 жылғы сайлаудың нәтижесі біртүрлі Парламенттің түзілуіне әкеп соқты. Яғни бір партиядан ғана тұратын Парламент жұмыс істеді. 2012 жылы көпшілік үлкен нәтиже күтпеген «Ақжол» мен косаревтік коммунистер заң шығарушы орган төрінен бір-ақ шықты. Айтпақшы, сол сайлаудың алдында Азат Перуашевтың аяқ асты Әлихан Байменовтың орнына келе қалуы осы Ғанилардың партиядан кетуіне қатты ұқсайды...

Күз – саяси маусымның басталу мерзімі. Дегенмен, биылғы күз экономикалық ауыртпалықтармен есте қалатын шығар. Жаз соңында ұлттық валюта бағамы еркін айналымға жіберілді. Халық үшін күтпеген жағдай еді. Тұрғын үй мен көліктің басқа да құнды дүниелерді доллармен есептесетін халық үшін айтарлықтай соққы болды. Алтын күз бензин бағасының реттелмейтіні туралы жаңалықты естіртті... Әлеуметтік желіге қол жеткен халықтың бір бөлігі өзінің көңіл-күйін білдіртіп отыр. Интернетке қолжетімсіздері де сондай пікірде болса керек. Сондықтан, сайлаудың осы жылы өтуі тіпті де мүмкін емес.

Соңғы Парламент сайлауы 2012 жылы қаңтардың 15-інде өткізілгенін ұмытпағандар 2016 жылдың алғашқы айында ұйымдастырылуы мүмкін деп ойлайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бюджеттік мекеме қызметкерлері мен студенттердің жалақылары мен шәкіртақылары өсетінін мәлімдеді. Ол ақша ақпан айының алғашқы 10 күнінде қолға тиетіні белгілі. Демек сол айдың ортасында Парламент депутаттарының бірлі-жарымы «харахири» жасайтын болса (олай жасайтын тәжірибелі депутаттар Парламентте әлі де бар), Конституцияға сәйкес екі айдың ішінде Парламент сайлауы өтуі тиіс. Болжамымыз наурыз айына келіп тіреліп тұр.