01.10.2015 в 00:00

Қала әкімдерінің рейтингі — SAIGEZ.KZ (қыркүйек айының нәтижесі)

SAIGEZ.KZ қала әкімдерінің  ай сайынғы рейтингін жасау жобасын жалғастырады. Әр облыс орталығындағы және орталықтағы қоғамдық пікір қалыптастыруға қауқарлы азаматтардан тұратын сарапшылар тобы түзген рейтингті жариялап отырмыз. Алғашқы рейтингте сол кездегі Қостанай қаласының әкімі Ахмедбек Ахметжанов соңғы орыннан көрінген еді. Көп ұзамай қызметінен босап, үй қамаққа алынды. 1 апта уақыт бұрын ғана Қостанай әкімдігінде қалалық мәслихат депутаттары облыстық орталықтың жаңа әкімінің кандидатурасын мақұлдады. Осылайша қала әкімі Базыл Жақыпов болды. Жаңадан тағайындалған әкім рейтингке қатыстырылмады.

Шаһар басшылары тиісінше «Үздік төрттік», «Ортаңғол бестік» және «Бес аутсайдер» топтарындағы орындарға жайғасты. Жаңа саяси маусым басы боп есептелетін – қыркүйек айы әкімдердің алғашқы қарқынын көрсететін кезі. Оның үстіне еліміздегі облыс орталықтарының дені қала күні мерекелерін атап өтуімен ерекшеленді. Сондықтан тамыз айының қорытындысы бойынша тізілген алғашқы рейтингпен салыстырғанда көп өзгерістер бар. Сарапшылар дәлелі мен әкімдердің орындарын төмендегі мәліметтерден білесіздер.

ҮЗДІК ТӨРТТІК

1. Әбдірахымов Ғабидолла Рахматоллаұлы, Шымкент қаласы

Шымкент қаласының әкімі тағайындалған күннен бері өзінің белсенділігін төмендеткен жоқ. Сарапшылар қаланың жаңа басшысының жұмысын жоғары бағалады. Жаяу жүргіншілер жолын көзбен көріп, дағдарысты сылтауратып адамдар өміріне қауіп төндіретін шала жұмыстар жасалмауын шегелеп айтқанын халық жылы қабылдады. Жер асты жолдарындағы қауіпсіздік мәселелеріне ерекше ден қойған жаңа әкім халық арасында ашық жиындар өткізіп, полиция қызметкерлерін бір сілкіп алғанын тек қала тұрғындары емес, республика халқы әлеуметтік желілер арқылы көріп білді. Қоғамдық көліктермен шаһарды шыр айналған әкім басқарма басшыларына автобустың ішінде тапсырмалар беріп, уақытын үнемді пайдаланып жүр. Осылайша, Әбдірахымов екі ай бойы қала басшыларының көшін бастап тұр.

2. Алпысов Ермек Амантайұлы, Талдықорған қаласы

Алпысов лидерлер тобына нық орнықты. Алматыға іргелес жатқан қаланың әкімін сауалнамаға қатысушыларымыз тағы да жоғары бағалапты. Оның бірнеше себебі де бар. Біріншіден, Ермек Алпысов пен «IZPEK» құрылыс компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Озай Ипек ұзақмерзімді екі жақты меморандумға қол қойды. Аталған түркиялық компания Талдықорған қаласына 100 млн. доллар инвестиция құймақ. Ермек Амантайұлының айтуынша, бастапқыда елу үй салынып, қалғаны өз ретімен жүргізілмек. Осы құжат аясында аймақта құрылыс индустриясы өркендеп, қосымша жұмыс орындары ашылады. Екіншіден, Қазақстан халқы Айдын Айымбетовтың амандығын тілеп, әр жаңалығын бақылап отырған кезде ғарышкер Талдықорған әкімі Ермек Алпысовқа телефон соғып, туған қаласының әлемдегі ең сұлу қала екеніне сендірді. Әкім өз кезегінде ғарышкерді 26-қыркүйекте өтетін қала күні мерекесіне шақыру арқылы, тұтас Қазақстан халқына Алматы облысының орталығындағы той туралы хабарды таратып үлгерді. Күні кеше қала күніне арналған мәдени шаралар жоғары деңгейде өткені туралы хабарланды. Алпысов блогерлер мен фототілшілер үшін қала аумағынан тыс елді-мекендерге экспедиция ұйымдастырды. 2-қазан күні әйгілі «Орбұлақ» шайқасын үлкен стадионда театрландырылған қойылыммен тарихи сананы жаңғыртпақ. Облыстық жастар басқармасы ұйымдастыратын мега шарада Талдықорғанның да аты аталады. Бұл шаралар да дауыс беруші сарапшылардың жоғары бағасын алды.

3. Көлгінов Алтай Сейдірұлы, Орал қаласы

Қыркүйек айында Орал қаласының тыныс-тіршілігіне ерекше қан жүгірді. Алдымен қала күні (4-қыркүйек) жоғары деңгейде аталып өтті. Облыс орталығында мәдени, спорттық шаралар тұрғындарды шын мәнінде біріктіре түсті. Оған себеп қала әкімі Алтай Көлгіновтің БҚО басшысы Нұрлан Ноғаевпен бірге тізе қоса веломарафонға қатысуы да ықпал етті. Сауалнамаға қатысқан журналистер мен блогерлер мерекелік шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өткен болатын. Өйткені Орал қаласы күні тек қала аумағында емес, орталыққа жақын алыс-жақын ауыл адамдарына да қуаныш сыйлай білген. Еңбек күніне орай отандық тауар өндіруші қала тұрғындарына қолдау көрсетіліп, үлкен көрме ұйымдастырылды. Көрменің ашылу салтанатына арнайы қатысқан Алтай Сейдірұлы отандық патриот кәсіпкерлерді еңбек күнімен құттықтап, оларды барынша қолдайтынын жеткізді. Қыркүйек айындағы Орал қаласының экономикалық, мәдени өміріндегі серпіліс шаһар әкімін облыс орталықтары әкімінің жалпы рейтингінде үшінші орынға шығарып отыр.

4. Нәлібаев Нұрлыбек Мәшбекұлы, Қызылорда қаласы

Өткен айда екінші сатыдан көрінген Қызылорда қаласының әкімі үздік төрттікті қорытындылады.  Қызылорда қаласы да Талдықорған, Орал сияқты қала күнін атап өтті. Оның аясында көптеген шаралар өткізілді. 2 көпқабатты тұрғын пайдалануға беріліп, қаланың 120 отбасы баспаналы болды. Алғаш рет қауын-қарбыз фестивалі өткізілді. Қызылорда қаласында елге танымал сыр өңірінің азаматтары бас қосты. Бірақ осы шаралардың барлығына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, басы-қасында өзі жүрген соң, қаладағы шаралардың өзінде Нұрлыбек Нәлібаев есімі көп аталмады дейді сарапшыларымыз. Қалада өткен еңбекшілер форуымында да облыс әкімінің орынбасары бой көрсетті. Яғни, қала өмірінде даму бар, бірақ оның фонында әкім көріне алған жоқ.

ОРТАҢҒОЛ БЕСТІК

5. Омаров Ерхан Болатжанұлы, Ақтөбе қаласы

Бұрын көзге көп түсе бермейтін Ерхан Омаров қыркүйек айында ширақ қимылдады. Дауыс берген сарапшыларымыз оның бірнеше себебін атап өтіпті. Біріншіден, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың батыс өңіріндегі 4 облыстың әкімін жинап кеңес өткізуі болды. Екіншіден, аса тәжірибелі Бердібек Сапарбаевтың Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалуы. Қала әкімі Омаровтың Бердібек Мәшбекұлының жылдамдығына ілесуге ұмтылуы оны осы айда екі сатыға жоғарылатып отыр. Сауалнамаға қатысқан сарапшылар Ерхан Болатжанұлының әкімдік қызметте отыруы ұзаққа бармауы да мүмкін екенін ескерткен. Десе де, қала және облыс экономикасына ықпалы бар кондитерлік цехтың өнімдері сұранысқа ие екені айтылуда. Қалалықтар жұмыс істейтін зауыттар жұмысшылар санын қысқартпайтынын айтып отыр. Бұл да облыс пен қала әкімдігінің ықпалы болса керек. Медиа кеңістікте осы айда Омаровтың аты-жөні әдеттегіден көбірек аталды. Облыстың жаңа әкімімен түсінісіп жұмыс істей ме, жоқ па алдағы уақыттың еншісіне қалсын. Айтпақшы, қазан айының басынан ақтөбеліктер Шымкент, Атырау және Қостанай қалаларына тікелей ұша алады деген ақпаратқа тұрғындар қуанып жатыр. Әзірге Ақтөбе қаласы жалпы рейтингте «Ортаңғол бестікті» бастап тұр.

6. Бакауов Болат Жұмабекұлы, Павлодар қаласы

Павлодар қаласының әкімі жаңа саяси маусымның алғашқы айы – қыркүйектегі жұмысы бойынша екі сатыға жоғарылаған. Шаһардың тыныс-тіршілігіне жан бітіру мақсатында ірі компаниялар жұмылдырылып жатыр. «ҚазТрансОйл» АҚ басшылығымен Орталық жағалауды компания кеңсесі тұрған абаттанған жағалау бөлігімен біріктіру жөнінде уағдаластығымыз бар» деп мәлімдеді қала әкімі. Келесі жылы жағалауды жөндеуді жоспарлап отырған әкім ардагерлермен кездесіп, олардың әлеуметтік мәселелерін ретімен шешуді жоспарлады. Ресейлік Омбы қаласының мәдениет күндеріне дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Тұрғындарға аса қажет қоғамдық мәселелердің бірі қоғамдық көліктердегі электронды билеттендіру жүйесі таныстырылды. Демек, жақын күндері өзгерістер болмақ.

7. Қасымжанов Темірбек Жұмақұлұлы, Өскемен қаласы

ШҚО орталығының әкімі екі сатыға жоғарылап, рейтингтің бел ортасынан орын алды. Өскеменде жөндеу жұмыстары жүргізілген Ертістің жағалауында спортпен шұғылданушыларға арналған жалпы ұзындығы 2,5 шақырымдық жүгіру және веложолдар, 3 балалар ойын алаңы, көше жаттығу жабдықтары пайда болды. Қыркүйектегі игі істердің тағы бірі – автобус аялдамаларына электронды кітаптардың орналастырылуы. Енді қоғамдық көлік күтіп тұрған қалалықтар шифрді есептеп, өз мобильдік телефонына электрондық форматтағы кітапты тегін жүктейтін арнайы бағдарламаны пайдалана алады. Сауалнамаға қатысушылар осы тәжірибені жоғары бағалаған. Дегенмен, Өскеменде жол қозғалыстары реттелу керек. Қыркүйек айында бірнеше жол көлік оқиғалары тіркелген. Тіпті қоғамдық көлікке жататын шағын автобус аударылып қалған.

8. Ожаев Нұрлыбек Жұмахметұлы, Атырау қаласы

Бұл айда әкімнің өзі көп көрінбегенімен Н. Ожаев басқаратын Атырау қаласы қыркүйек айында экономикалық, идеологиялық мәселелерге қатысты бірқатар жиындар өткізді. Тәжікстан, Ресейге сапарлап келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев батыс өңіріндегі 4 облыстың әкімін осы Атырау қаласында жинады. Мәртебелі меймандарды ойдағыдай күтіп алған Атырау қаласы біраз уақыттан кейін Қазақ хандығына қатысты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді. Сарапшылар өткен айда 11-орында тұрған Ожаевты осы мәселелерге қатысты жоғарылатқан сияқты. Дегенмен, Атырау қаласы қыркүйек айы бойынша ең қауіпті қалалардың біріне айналды. Көлік ұрлығы өршіп, адам өлтіру фактілері жиілеген. Мемлекетке 15 млрд теңгеден астам шығын әкелген жалған кәсіпкерліктердің арты ашылып жатыр. Жалпы рейтингте көтірлгенімен Атырау қаласының әкімі 8-орынға жайғасты.

9. Календеров Нұржан Сәбитұлы, Тараз қаласы

Қазақ Хандығының 550 жылдығына арналған шаралары Тараз қаласында қазан айының алғашқы декадасында өтетіндіктен Нұржан Календеров қыркүйек айындағы негізгі күшті осы ұлттық деңгейдегі негізгі шараның ұйымдастырылу жұмыстарына бөлді. Сондықтан да шығар Календеров көрінбей қалды. Қаланың тойға дайындығы жайлы ақпарат құралдары жиі-жиі хабарлап жатыр. Сарапшылардың айтуынша, келер аптада өтетін дүбірлі тойға дайындық жұмыстарын аяқтап үлгермеуі мүмкін деген күмән де жоқ емес. Біз өткен рейтингте «Киелі шаһардағы идеологиялық маңызы бар үлкен шараны қаржыгер абыроймен атқарып шыға ала ма?» деген сауал тастаған болатынбыз. Нұржан Сәбитұлы қаланы осы шара арқылы биікке көтере алса, сарапшыларымыз да жоғары бағалайтыны анық. «Ортаңғол бестіктің» соңында тұр.

БЕС АУТСАЙДЕР

10. Маржықпаев Ермек Боранбайұлы, Көкшетау

25-қыркүйек күні облыс орталығындағы білім, мәдениет және денсаулық сақтау тәрізді барлығы 174 әлеуметтік нысанға жылу берілді. Қазіргі кезде,  қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерді де қосу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні олардың саны 788-ге жетеді. Қала әкімі солтүстіктегі өзге әріптестерінің алдын орап кетті. Маржықбаев осы айдың ішінде жаңа орынбасарын тағайындады. Қаланың спорттық өмірінде даму байқалады. Қыркүйек айында жергілікті «Оқжетпес» баскетбол командасы ел біріншілігін ұтып алды. Позитивті жаңалықтарымен Ермек Боранбаев екі саты жоғарылады.

11. Әубәкіров Нұрлан Ерікбайұлы, Қарағанды

Қарағанды өңіріндегі құрылыстардың дені көктемде су тасқынынан зардап шеккендерге арналып салынып жатқандықтан, қалаға қатысы шамалы. Дегенмен Н.Әубәкіров қалалық мәслихатының 49-шы сессиясында жүктелген қызметтер мен міндеттердің атқарылуы туралы есеп берді. Депутаттар жоғары бағалап отыр. «Мәдениет саласындағы проблемалық мәселелердің бірте-бірте шешімін табады» деген әкім қаладағы хайуанаттар бағын жекешелендіру керектігін жеткізген. Әкімнің айтуынша, Зообақ бюджетке шығын, рейтинг түзуге атсалысқан сарапшылар бұл әкім үшін минус дейді. Жалпы есепте Әубәкіров рейтингтегі жағдайын едәуір жақсартып алды.

12. Тасмағанбетов Марат Иманбайұлы, Петропавл қаласы

Марат Тасмағанбетов Петропавлда Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мотжарыстың қатысушыларын қарсы алуымен көзге түспесе өткен айда белсенділік танытқан жоқ дейді сарапшылар. Әрине, теріскейде мұндай идеологиялық маңызы бар шараларды көптеп өткізу де қажет. Солтүстіктегі стратегиялық орталық ретінде бұдан да терең идеологиялық шараларды өткізу сұранып-ақ тұр. Алайда оны іліп әкететін әкім көрінбейді. Аутсайдерлер қатарына түсіп кеткен Тасмағанбетовты келесі айдағы әлеуметтік жұмыстары құтқаратын сияқты. Қазан айында Петропавлда 90 және 55 пәтерлі екі тұрғын үйді тапсыру белгіленіп отыр екен.

13. Тұрымов Серікбай Өтелгенұлы, Ақтау

Сарапшылар Тұрымовты аутсайдерлер тобынан тез көтерілу мүмкіндігі бар әкім ретінде атаған болатын. Алайда, Ақтау әкімі төмендеп кетті. Шағын қала болса да кейінгі кезде жол көлік оқиғалар жиілеп кеткендігі айтылады. Осы айда Ақтауда есте қалған үлкен оқиға ретінде ең жас облыс орталығы ретінде 52 жылдығын атап өтуі ғана болды. Оның өзі Каспийдегі әскерилердің қаза тапқан қайғылы оқиғасының көлеңкесінде қалып қойды...