Қала әкімдерінің рейтингі - SAIGEZ.KZ

Рейтинг
01.09.2015, 23:30

Жаңа саяси маусымды SAIGEZ.KZ қоғамдық-саяси сайты жаңа жобамен бастағалы отыр. Бұрындары шаһар басшыларының ауыс-түйісіне (облыс орталықтары) аса мән берілмейтін. Бұдан былай қалалық деңгейдегі тағайындаулар да қызықты болмақ.

Президент Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары қызметін атқарған азаматтардың немесе «Болашақ» түлектерінің қала әкімі болып жайғасып жатуы осыған дәлел бола алады. Қаланы абыройлы басқарған азаматтардың кейбіріне Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев облыс тізгінін сеніп тапсырған кездер аз емес. Яғни, қала әкімі болу – үлкен қызметтер алдындағы берекелі баспалдаққа айналып келеді. Саяси карьерадағы трамплин.

Сондай-ақ, кез келген адам облыстың даму әлеуетін түкпір-түпкірдегі ауылдардың жағдайымен сараламайды. Ел азаматтары үшін де, туристер үшін де алғашқы әсер облыстарымыздың орталық қалалары арқылы қалыптасатынын естен шығармауымыз қажет.

IMG_2311

SAIGEZ.KZ қоғамдық-саяси сайты медиа сарапшылар мен жергілікті белсенді тұрғындардан құралған шағын топпен бірлесіп, қала басшыларының рейтингін жасауға бел буып отырмыз. Әкімдерді таңдау екі жолмен жасалады. Біріншісі, жабық дауыс беру. Яғни, таңдаулы сарапшылар арнайы жауап береді. Екіншісі, ашық дауыс беру. Сайтымыз арқылы дауыс беріп, өзі дауыс берген әкімдер туралы жазылған пікірлер арқылы. Осы екі жол арқылы қорытынды нәтижені әр айдың алғашқы аптасында жариялаймыз.

ҮЗДІК ТӨРТТІК

1. Әбдірахымов Ғабидолла Рахматоллаұлы, Шымкент қаласы

Ғабидолла Әбдірахымов

2013 жылдан бері ҚР Президенті Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары қызметін атқарып келген Ғабидолла Әбдірахымов сөз жоқ, орталықтан өңірге жіберілген аса тәжірибелі маман. Өзге қала басшыларымен салыстырғанда кәсіби біліктілігімен де, білімімен де ерекшеленіп тұр дейді сауалнамаға қатысушылар. Мемлекеттік қызметтің ұңғыл-шұңғыл бес саусағындай білетін ол, Президент әкімшілігінде кадр мәселесіне жауап берді. Әлеуметтік желіде әлдекімдер оның Шымкентке әкім болуын әртүрлі бағалады. Қызметтік мансабы төмендеді дегендер болды. Алайда, Шымкент – стратегиялық маңызы бар әрі шекаралас облыстың орталығы. Халық саны жөнінен Алматыдан кейінгі қатарда тұр. Әбдірахымов қазірдің өзінде ірі мегаполистің жұмысын ұршықша иіріп әкетті. Ол қызметке кірісе салысымен елдегі қаржылық-экономикалық жаңа саясатқа қатысты істі қолға алды. Базар аралап, бағаны қадағалауға көшкен аз әкімдердің бірі. Ол бірақ өзгелер сияқты парадқа киінгендей боп шықпады, қарапайымдылығымен ерекшеленді. ОҚО әкімі Түркістан жақты, Ғабидолла Рахматоллаұлы облыс орталығын өзі қадағалады. Екінші бір жарқ ете қалғаны жаңа оқу жылына қатысты айтқан сөзі болды. Ол «прокурорлардың мектепте шаруасы болмасын! Қылмескерлермен айналыссын! Оқу орнына жөн-жосықсыз тексеріс болмауын өзім қадағалаймын!» деді. Жаңа әкімнің бұрыннан қалыптасқан жағымды образы да ықпал етсе керек, оның мәлімдемелері медиа кеңістікте кеңінен таралып жатыр. Ол әлеуметтік желіде де оқырмандарымен пікір алмасып отырады. Конституция күні қарсаңында марапат тапсырумен ғана шектелмей, өзі бастап, білек сыбана қалаға тазалық жүргізді.

2. Нәлібаев Нұрлыбек Мәшбекұлы, Қызылорда қаласы

Н9рлыбек Н2л3баев

Екінші сатыдан көрінген Қызылорда қаласының әкімінің мемлекеттік қызметтің қазанында қайнап, басшылық қызметте жүргеніне 10 жыл болыпты. Сол аралықта 2005-2007 жылдары – Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары (2005-2007) – Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы (2007-2008), Шиелі ауданының әкімі (2008- 2013) болды. Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаевтың өкімімен Қызылорда қаласы әкімінің қызметіне тағайындалғанына да 2 жарым жыл уақыт өтіпті. Тәжірибесі мол жас әкімнің болашағы зор деп есептейді сарапшылар. Қызылорда қаласы кейінгі жылдары көп өзгерген. Әрине, облысқа Қырымбек Көшербаев сынды білікті басшының тағайындалуы да көп нәрсені өзгертті. Десе де, қаланың инфрақұрылымы, қауіпсіздігі, тазалығы да жоғары деңгейге көтерілді. Халқы аз болса да қалада биылдың өзінде екі үлкен мектеп салынса, балалар ауруханасының құрылысы қарқынды жүргіліп жатыр. Нұрлыбек Нәлібаевтың тәжірибелі басшымен тандем болуы да оның деңгейінің өсуіне оң ықпалын тигізіп келеді.

3. Алпысов Ермек Амантайұлы, Талдықорған қаласы

Ермек Алпысов

Алпысовтың алдымен ашықтығы жоғары бағаланды. Сауалнамаға қатысушылар Ермек Амантайұлы мемлекеттік қызметкер болғанымен қоғамдық шараларға бастамашы болып, қала тұрғындарына жақын жүреді дейді. Журналистер қаладағы іс-шаралар мен атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін Ермек Алпысовтың аккаунтынан оқитынын жасырмады. Жыл басында қазақ блогерлерінің басын қосуға себепші болған оның медиакеңістіктегі беделі біршама жоғарылады. Солтүстіктің жігіті қазір мемлкеттік тілде сөйлеуді қолға алған. Алматы облысы, Ақсу ауданын басқарған. Оның басшылықтағы беделін мынадан түсінуге болатын сияқты. Алпысовтың қала әкімі ретіндегі еңбек өтілі облыс әкімі Амандық Баталовтың өтілінен 2,5 жылға көп. Тіпті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі оның іскерлігін бағалап, қала басшысы ауыстырылмай, қалатынын қалалықтар айтып жүр.

4. Көлгінов Алтай Сейдірұлы, Орал қаласы

Алтай кульгинов

Орталықтан өңірлерге жіберілген жас шенеуніктердің алғашқы толқынына жатады. Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болды. Қазіргі қызметте жүргеніне де сәуір айында 2 жылдан асты. Орал қаласының көшелерінің сапасына жиі сын айтылатын. Қазір қаладағы негізгі көшелер жаңартылған. Ол халық алдына есеп беруге шыққанда барды бар, жоқты жоқ деп ашық айтуымен ерекшеленеді.  «Кейбір көшелерге бардюр салмаймыз, себебі шығыны көп. Біз қала бюджетін үнемдейміз», - деп биылғы жылдың басында-ақ айтқан болатын. Үнемшілдікті ерте бастаған бірден бір қала әкімі.

Орал қаласының әкімі Шаған өзенінің оң жағалауын игеру туралы үлкен жобаны қолға алмақ. Оң жағалаудағы тал-теректер мен құстарды қорғап шыққан эклологтармен де, азаматтық қоғам өкілдерімен де оңай тіл табысқан. Соның арқасында шығар қала ішіндегі 10 саябақ ретке келтіріліп, қалаішілік 100 шақырым жол жөнделген. Үздік төрттікті түйіндеген Алтай Сейдірұлы перспективасы жоғары жас шенеуніктер қатарына жатады.

ОРТАҢҒОЛ БЕСТІК

5. Календеров Нұржан Сәбитұлы, Тараз қаласы

календеров Нуржан

Ортаңғол бестікті қаржыгер Календеров бастады. Қазақ Хандығының 550 жылдығының негізгі шарасы салмақ боп түскен Жамбыл облысының орталығын басқарып келеді. Киелі шаһардағы идеологиялық маңызы бар үлкен шараны қаржыгер абыроймен атқарып шыға ала ма? Облыс төңірегіндегі тойды тараздықтар сезіне алып жатыр ма? Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың Жамбыл жеріне сапарлауы орталық биліктің сенімсіздігінен емес пе? Бұл жағы келесі рейтингте белгілі болады. Әзірге тараздықтар тойдың дайындығын жақсы бағалады. Егер Нұржан Сәбитұлы қаланы осы шара арқылы биікке көтере алса, сарапшыларымыз да жоғары бағалауы қисынды.

6. Тасмағанбетов Марат Иманбайұлы, Петропавл қаласы

Марат Тасмаганбетов

Тасмағанбетовтың фамилиясы ғана емес, өзі де іскер деп бағаланып жүр. Тағайындалғанына 1 жыл әлі тола қоймаған Марат Иманбайұлы облыс әкіміне үлкен жоспарларын көрсетіп үлгерді. Кеңестік бет-бейнесі сақталған қала ретінде жиі сыналатын Петропавл шаһарға әр беретін орталық саябақты көркейтуге күш салып жатыр. 9 гектар жерді алып жатқан аумақ толығымен жаңартылады. Әмбебап орталық болатын сияқты. Ардагерлер аллеясы деген дүние Тасмағанбетовке дейін болмаған. Веложолдар салыну жоспарланып отыр. Ауданды басқарған тәжірибесі бар екенін ескерсек, бір қаланы аз уақытта дамытуға ықпал ете алады деп есептейміз.

7. Омаров Ерхан Болатжанұлы, Ақтөбе қаласы

Ерхан Омаров

Жас келсе іске деп, Е. Омаров келгенде ақтөбеліктердің қуанғаны рас. Дегенмен қалада әсіресе жастар арасында қылмыс деңгейі салыстырмалы түрде жоғарылап тұр. Кейінгі кезде қалада бала ұрлау, интернет желілер арқылы экстремистік пиғыл танытқан жастардың қатысуымен болған оқиғалар тіркелді. Дегенмен, әкімнің әлеуметтік топтармен жұмысын жоғары бағалауға болады. Ардагерлерге, жастарға тұрғын үй мәселесін шешіп келеді дейді, ақтөбелік белсенділер. 2015 жылы шаһар көшелерін жөндеу жұмыстары үшін 2 млрд теңге жұмсалатыны туралы айтылған.

8. Бакауов Болат Жұмабекұлы, Павлодар қаласы

Болат Бакауов

Павлодар қалалық әкімшілігі алғаш боп бюджетін оңтайландырған шаһарлардың бірі. Яғни, елдің экономикалық ахуалына тез бейімделуге көшті. Көше аттарына қатысты жағымсыз мақалалар шығып, әкімді сынау көбейіп тұр. Бас көшелерді айтпағанда Ленин, Крпуская көшелерінің әлі де сақталғанын ескерсек, қала әкіміне осы мәселелерді қолға алуы керек сияқты. Тазалығы жағынан Павлодар алдыңғы қатарлардың бірінде.

9. Қасымжанов Темірбек Жұмақұлұлы, Өскемен қаласы

Темирбек касымжанов

Сауалнамамызға қатысқан медиасарапшыларымыз Абай тойы қарсаңында Өскемен қаласын көзбен көріп келген соң, белгілі бір дәрежеде оң бағалағандай болды. Тұрғындар арасында экологиялық тұрғыда шағым айтушылар әлі де бар. Қалада қылмыс деңгейінің төмендемей тұрғанын айтуға болады. Теңге құнсызданған тұста алғашқылардың бірі болып, Өскеменнің дүкендері бағаларын ауыстырғаны туралы ақпарат тарап кетті. Яғни, әкім өзге әріптестері сияқты білек сыбанып кірісуге асықпады.

БЕС АУТСАЙДЕР

10. Тұрымов Серікбай Өтелгенұлы, Ақтау

Трумов серикбай

Аутсайдерлер тобынан тез көтерілу мүмкіндігі бар әкімдердің ішінде Тұрымовтың есімі жиі айтылған. Оның жұмысына баға берушілер қала басшылығына келген уақытының тым аздығымен байланыстырды. Ақтау тұрғындары мен белсенділері Еділ Жаңбыршинның кетуіне алаңдаушылық білдірді. Әлеуметтік желілер мен сайттарда ашық қарсылық білдіріп, азаматтық ұстанымдарын көрсете білді. Соңғы сәтте ғана қала басшылығына Жаңаөзеннен Серік Өтелгенұлын әкеле жатыр дегенде ғана саябырсыды. Ақтаулықтар арасында беделі бар Серікбай Тұрымовтың іскерлігі жергілікті деңгейде жоғары бағаланып жүр.

11. Ожаев Нұрлыбек Жұмахметұлы, Атырау қаласы

Нурлыбек Ожаев

Атырау қаласы шетелдік инвесторларды тартуға қолайлы қала. Дағдарыс кезінде шаһардың екінші тынысын осы бір мүмкіндікті пайдалану арқылы аша алса, Н. Ожаевтың іскерлігі орталыққа да көрінер еді. Ең бай облыстардың бірінің орталығы тазалығы жағынан жақсы болғанмен, шағын шаһардың даму динамикасы баяу. Алдағы айларда жоғарылау мүмкіндігі жоғары әкімдердің бірі.

12. Маржықпаев Ермек Боранбайұлы, Көкшетау

Маржикбаев ермек

Көкшетау қаласында заңбұзушылықтар жиілеген. Такси қызметі ретке келтірілмегенін сарапшыларымыз айтып отыр. Такси орталықтары заңсыз жұмыс істеп жатыр деген ақпараттар желдей гуледі. Қалалық әкімшілік Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне уәде еткен пәтерлерін бермегені де анықталып жатыр. Қоғамдық қауіпсіздік пен шаруашылықты ұйымдастыруда артта қалып отырған қалалардың бірі – Көкшетау. Елдің орталығына қаншалықты жақын болғанымен, соншалықты шалғай. Яғни, даму көрсеткіші төмендеп кеткен.

13. Әубәкіров Нұрлан Ерікбайұлы, Қарағанды

Нұрлан Әубәкіров

Тағайындалғанына 1 жылдан енді ғана асқан әкімнің есімі мүлде естілмейді. Кейінгі кезде кеншілер қаласының аты атышулы сот процестерімен ғана шығып жатқандай. Қарағанды әкімінің де шағым айтып, бұл іске араласқаны бар.

14. Ахметжанов Ахмедбек Масақбайұлы, Қостанай қаласы

ахмедбек ахметжанов

Қарамағындағы адамның іс-әрекетіне басшысы да жауап беруге тиіс деген қағида қисынды еді. Алайда, бұл принциптің біздегі шенеуніктерге түк қатысы жоқ сияқты. Қостанай қаласы жақында 136 жылдығын атап өткенімен, атышулы жемқорлық фактілері қаланың атын шығарды. Ахмедбек Ахметжановтың екі бірдей орынбасары істі боп жатыр. Қала өмірі туралы айтпастан бұрын, әкімнің кадр таңдаудағы «көрегендігі» оның анық аутсайдер екенін көрсетті.

Сұхбат

PhotoRoom