Мақта шаруашылығы – Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніндегі маңызды салалардың бірі. Бұл сала халықты жұмыспен қамтуға және өңдеу өнеркәсібін дамытуға елеулі үлес қосып отыр. Мақта егілетін негізгі алқаптар Түркістан облысында орналасқан.
Түркістан облысында тамшылатып суару әдісін пайдалану арқылы төрт ірі мақта өңдеу зауытының құрылысы жүргізіліп жатыр. Түркістан облысына инвестициялар тарту, су үнемдеу технологияларын енгізу, егістік алқаптарын ұлғайту бағыттарында оң өзгерістер байқалады.
Осы мақсатта бүгін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков пен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Карагойшин жұмыс сапарымен Отырар ауданындағы «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС-ның заманауи мақта өңдейтін кластерінің құрылыс алаңында болды. Сапар барысында холдинг төрағасы көпфункционалды кешеннің құрылыс жұмыстарымен танысып, Түркістан өңірінің өндірістік әлеуетін оң бағалады. Сондай-ақ тараптар агроөнеркәсіп саласында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселесін талқылады.
Мақта кластерінде жылына 360 мың тонна шитті мақта өңдеу жоспарланған. Жалпы жоба құны 146,8 млрд теңгені құрайды. Мұнда тұрмыстық және дайын тоқыма өнімдерін шығарылады. Жоба толық іске асқан жағдайда 4 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Агроөнеркәсіптік кешеннің жалпы аумағы 39 308 шаршы метрді қамтиды. Кешеннің инфрақұрылым жұмыстары жеке инвестор есебінен жүргізілуде. Осы тұста Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағы маңынан су үнемдеу технологияларын пайдалана отырып, мақта талшығынан жіп, мата және дайын тоқыма өнімдерін шығаратын жаңа зауыт салу жоспарлануда. Айта кетейік, бүгінде Отырар өңірінде 32 мың гектар жерге тамшылатып суару жүйесін қолдану арқылы мақта егілген. Алқап маңында салынатын төрт зауыттың екеуін биыл іске қосу жоспарланған, қалған екі кластердің құрылыс жұмыстары 2026 жылға өтпелі.
Мемлекет тарапынан мақта өндірушілерге кешенді қолдау көрсетілуде. Атап айтқанда: мақта өсірудің толық цикліне субсидия беріледі; минералды тыңайтқыштар құнының 60%-на дейін; пестицидтердің 50%-на дейін; биологиялық агенттер мен биопрепараттардың 40%-на дейін; түпнұсқа және элиталық тұқым сатып алуға 70%-на дейін; мақта тұқымына – 100% көлемде (басқа дақылдар үшін 15–50%); суармалы су жеткізу шығындарын өтеу – технология түріне байланысты 50–85%; сондай-ақ инвестициялық субсидиялар қарастырылған.
Қазақстан жыл сайын 300 мың тоннадан астам мақта шикізатын және 70–75 мың тонна мақта талшығын өндіреді. Өнімнің 85%-ы Латвия, Түркия, Ресей, Қытай және өзге елдерге экспортталады. Алайда, қосылған құнды арттыру және сыртқы нарыққа тәуелділікті азайту үшін терең өңдеуді дамыту басты назарда.
Елiмiздiң оңтүстiгiнде суармалы егiншiлiк ертеден қолға алынып, соның iшiнде мақта шаруашылығы өңiрдiң бiр миллионға жуық халқының бiрден-бiр күнкөрiс көзi болып келедi. Мақта – техникалық дақыл ретiнде қоршаған ортаға, ауа райына, топырақтың құнарлылығына, әсiресе күн көзi мен ағын суға талғамы жоғары дақыл.
Өсiрiп баптау – вегетация кезеңiнде мақта талабына сай агротехникалық iс-шаралар өз уақытында және сапалы жүргiзiлсе, өнiмдiлiктi әр гектардан 40-50 центнерге дейiн жеткiзуге болады.
Мақта талшығы осы өсiмдiктiң беретiн негiзгi шикiзаты болып табылады. Шиттi мақтада 30-38% талшық, 50-56% шит болады, ал, шитте 18-22% мақта майы бар. Одан 20-дан астам түрлi дайын бұйымдар шығаруға болады.
Әлемде жүзге жуық мемлекет мақта өсiредi, олар негiзiнен субтропикалық және тропикалық климаттық белдеуде орналасқан. Қазақстан Республикасы мақта өндiруде жер шарындағы солтүстiк нүктеде орналасқан. Сондықтан бiздiң елiмiздегi мақта шаруашылығында бiрқатар ерекшелiктер бар. Атап айтар болсақ, кейбiр жылдары мақта пiсiп үлгеру үшiн күн көзiнiң жылуы жетiспейдi, сондықтан мақтаны дефолианттар жәрдемiмен жетiлдiруге тура келедi. Өңiрде орта талшықты мақтаны өсiрiп баптауды үйренген фермерлер жоғары сапалы өнiм өндiредi.