Катардағы футболдан әлем чемпионатының қызықты сәттері - фото

Фоторепортаж
19.12.2022, 11:41

Әлем кубогының финалы 18 желтоқсанда өтті

Катардағы футболдан әлем чемпионатының қызықты сәттері - фото
Фото: Sputnik / Grigory Sysoev

Катарда өткен футболдан әлем кубогы – бұрынғыдан өзгерек. Мундиаль қыс мезгілінде өтті. Әлем чемпионаты Катардың бес қаласында өтті (9 стадион). Матч барысында 5 футболшыға дейін алмастыруға рұқсат етті, әрбір құрама сапында 26 ойыншыға дейін тіркелді, биыл тұңғыш рет матчта әйелдер төрешілік етті.

Әлем кубогының финалы 18 желтоқсанда өтті. 18 желтоқсан – Катар халқының ұлттық күні.

Катардағы әлем кубогында бас-аяғы 172 гол салыныпты (2 автогол). Алты футболшы пенальтиден гол сала алмады – Харри Кейн (Англия), Лионель Месси (Аргентина), Андре Айю (Гана), Альфонсо Дейвис (Канада), Роберт Левандовский (Польша), Салим әл-Давсари (Сауд Арабиясы).

АРГЕНТИНА һәм МЕССИ

Әлем кубогының финалында Аргентина құрамасы Францияны пенальти арқылы жеңіп, 36 жылдан кейін чемпион атанды. Негізгі уақытта есеп 2-2 болып, экстра таймда 1-1 (3-3) тағы тең тарқасты. Матчтан кейінгі пенальти сериясында Аргентина төрт гол салса, аргентиналық қақпашы Эмилиано Мартинес франциялықтардың екі пенальтиін қайтарды. Осылайша Аргентина құрамасы тарихында үшінші рет әлем кубогын жеңіп алды.

Бұл елдің құрамасы 1986 жылы чемпион атанған еді. Одан кейін 1990, 2014 жылғы әлем кубоктарында финалда жеңілген.

Катардағы әлем кубогында Аргентина құрамасының капитаны Лионель Месси бірнеше рекорд жаңартты. Месси бұған дейінгі төрт чемпионатта көрсете алмаған нәтижесін (2006, 2010, 2014, 2018) 2022 жылы Катарда өткен Мундиальда асыра орындады. Алғаш рет әлем кубогының плей-офф кезеңінде гол салды. Әлем чемпионатының финалдық кезеңінде 26 матч өткізіп, атақты неміс футболшысы Лотар Маттеусті (25) басып озды.

Лионель Мессидің ұлттық құрамадағы барлық арманы орындалды – ол Аргентина сапында жүріп жастар арасындағы әлем чемпионы, олимпиада жеңімпазы, Америка кубогының иегері, Финалиссима жеңімпазы, әлем чемпионы атанды.

Кездесу Доха қаласының іргесіндегі Лусаил қаласында осы чемпионат үшін арнайы салынған «Лусаил» стадионында болды.

Командалар алаңға мына құраммен шықты:

Аргентина: Мартинес, Молина, Ромеро, Отаменди, Тальяфико, Ди Мария, Де Пауль, Фернандес, Макаллистер, Месси, Альварес.

Франция: Льорис, Кунде, Варан, Упамекано, Эрнандес, Гризманн, Тчуамени, Рабьо, Дембеле, Жиру, Мбаппе.

Аргентиналық жұлдыз Лионель Месси үшін бұл матч әлем чемпионатындағы 26-шы болды. Ол осымен германиялық Лотар Маттеусты басып озып, өзінің кезекті рекордын жасады.

Матчтың басынан Аргентина құрамасы оның тізгінін қолға алды. Негізінен бұл тұста шабуылдың бәрін сол жасап жатты.

Кездесудің 23-минутында француздар өз айып алаңдарында аргентиналық шабуылшыны қағып құлатты. Пенальти! Оны Лионель мүлтіксіз орындады. Ал 36-минутта Ди Мария есепті еселеді – 2:0!

Айтайын дегенім:

Биылғы әлем чемпионатында миллиардтаған футбол жанкүйері Лионель Мессидің жұлдызы жанғанын қалап, оның тілеуін тілеп отырды. Осы жолдардың авторы да чемпионатта Аргентинаға, соның ішінде Мессиге болысты. Рас, Месси әлемнің жеті дүркін үздік футболшысы болғанымен, яғни «Алтын допты» жеті рет басынан көтергенімен, әлі бірде-бір рет әлем чемпионы атанған емес. Дегенмен оның командаласы, Аргентина құрамасының тағы бір жарық жұлдызы, өте талантты әрі ақылды ойыншысы Анхель Ди Марияның да әлем чемпионатында ұлттық құрамаға бір кісідей сіңірген еңбегін атап өту керек. Айтайын дегенім, Ди Мария Мессидің көлеңкесінде қалып қойған сияқты. Ол да Месси сияқты 2014 жылы әлемдік доданың финалына шығып, алтын жүлдесіз қалған еді. Сол кезде Аргентина Бразилияда өткен дүрмекті доданың финалында Германиядан 0:1 есебімен жеңіліп қалған болатын. Содан бері Ди Марияның алаңдағы басты арманы – әлем чемпионы атағын жеңіп алу еді. Сол атақты алу үшін ол Франциямен ойында командасына екінші голды сыйлады.

Француздар екінші таймда ғана еркін қимылдай бастады. Олар онда да қарқынды матч бітуге 10 минуттан аса уақыт қалғанда барып қыздыра түсті. Соның нәтижесінде әуелі, 80-минутта пенальти ұру құрметіне ие болды. Онда Килиан Мбаппе қателескен жоқ. Сөйтіп, бір доптың қарымтасы қайтты. Артынша Килиан өзінің екінші голын 81-минутта ойын сәтінде салды. Осылайша таразы басы теңесті.

Айтпайын деп едім: 

Осы ойында 80 минутқа дейін Аргентинаның матчтың негізгі уақытында әлем чемпионы болады деп ойлаған едік. Кездесуде көп нәрсені түсіне алмай отырдық. Аргентинаның бас жаттықтырушысы Лионель Скалонидің 80-минутқа дейін әбден шаршап шалдығып, сүйретіліп әзер жүрген ойыншыларын неге дер кезінде ауыстырмады деп ойладық.

Мәселен, Хулиан Альварес, Родриго Де Пауль сияқты ойыншыларды ең болмағанда 70-75минутта ауыстырғанда Аргентина өз қақпасына пенальтиді де Мбаппенің екінші голын да әкелмес еді. Ал Францияның бас жаттықтырушысы Дидье Дешам керісінше, ойыншыларды дер кезінде ауыстырып, тактикалық жағынан өте пайдалы шешім қабылдады. Соның нәтижесінде Франция құрамасы таразы басын теңестіріп кетті.

Қарсыластар негізгі уақытты осы 2:2 деген есеппен аяқтады.

Бұдан кейінгі овер-таймда аргентиналықтар тағы да алға шықты. Бұл жолы 109-минутта Месси тағы бір гол салып, дубль жасады. Осымен бәрі біткен шығар деп отыр едік. Бірақ француздар олай ойламапты. Матч бітуге екі минут қалғанда аргентиналықтар өз айып алаңдарында тағы тәртіп бұзып, 11 метрлік соққы белгіленді. Мбаппе тағы да қақпаны дәл көздеді. Сөйтіп, ол әлем чемпионатының финалдық матчында хет-трик жасаған бірінші футболшы болды.

Мұның бәрінің соңы матчтан кейінгі пенальтиге алып барды. Оны Аргентина құрамасының жігіттері мүлтіксіз орындады. Есеп – 4:1!

Бұл кездесуде Аргентина жеңіске деген жігеріне жігер қосып, тамаша ойын өрнегін көрсетті. Оңтүстікамерикалықтар Франциядан екінші таймның соңғы 10 минутын есептемегенде әлдеқайда күшті көрінді. Олардың ойынның өне бойында артықшылығы көрер көзге көрініп тұрды. Матчтың бірінші таймында Франция түсініксіз бір күй кешкендей көрінді. Әсіресе, Гризманн, Жиру, Дембеле мен басқа да ойышылардың ойындары жүрмеді. Кеше Францияға Н'Голо Канте мен Поль Погба жетіспеді. Месси алаңға шыққанда мысы басып тұрғандай көрінді. Сондықтан бұл жеңісті әділетті деп есептейміз.

Ең соңынан екі команда футболшыларына да медаль тапсыру салтанаты болып өтті. Сонымен бірге, турнирдің арнайы жүлделері де табыс етілді. Бұл жолы Лионель Месси чемпионаттың үздік ойыншысы атанса, оның командаластары – голкипер Эмилиано Мартинес үздік қақпашы атанып, «Алтын қолғапты», ал 21 жастағы жартылай қорғаушы Энцо Фернандес ең жас үздік ойыншы атағын иеленді. Бұл жігіт жас болса да бас болатын жігіт екен. Сөз жоқ, тамаша талантты жігіт. Сескенбейді. Пас та береді, шабуылды да бастайды. Мессиге жалтақтамай, батыл шешімдер қабылдайды. Аяғына допты іліп алып, қылшылдаған жас жігітті біраз ойыншыларды сан соқтырып кетті. Қолда бар мәліметте, болашақ осы жігітте деседі. Дегенмен, бәрі уақыт төреші. Кезінде Ариэль Ортега мен Пабло Аймарды Марадонаның ізбасары деп топшылағандар көп болған. Олар бірақ, Диего Армандоның деңгейіне жете алмады. Енді бәрін уақыт көрсетеді.

Франция құрамасының шабуылшысы Килиан Мбаппе үздің сұрмерген болды. Ол 8 доптың авторы атанды.

Осыған дейін Аргентина мен Франция әлем чемпионаттарында үш рет кездескен екен. Бірінші рет 1930 жылы Уругвайда өткен додада оңтүстікамерикалықтар қарсыластарын 1:0 есебімен ұтса, 1978 жылы өз елдерінде жалауы көтерілген мундиальда француздардан 2:1 есебімен басым түсті. Ал 2018 жылы Ресейде өткен әлем чемпионатында 1/8 финалда Франция Аргентинадан 4:3 есебімен айласын асырды. Осы кездесуде Килиан Мбаппе қос голдың авторы атанды.

Жалпы, биылғы дода өте тартысты және қызықты өтті. Катарда 32 құраманың бәрі чемпионатқа жақсы дайындалып, шама келгенше өнер көрсетті. Осы ретте, Марокко командасының Африка құрамаларының арасында тұңғыш рет жартылай финалға шығып, сенсация жасағанын атап өту керек. Рас, Африка командалары чемпионат сайын азулы құрамалардың «аяғынан» шалып, «сюрприз» жасап отыратыны белгілі. Мысалы, Камерун, Сенегал, Гана, Нигерия, Египет секілді елдердің ұлттық құрамалары жасыл алаңның шаңын қағып, кәдімгідей қарсылас болып отыратын. Ал биылғы мундиальда бұл «міндетті» Марокконың ойыншылары тамаша атқарып шықты. Олар тіпті, ½ финалға жолдама алып, африкалықтар бұрын-соңды жетпеген жетістікке жетті.

Мысалы, Марокконы елінің ұлттық құрама командасын өз тобында бірінші орын алып, 1/8 финалға еркін шыға деп ешкім ойлаған жоқ. Ойласа да Канаданы 2:1, ал Бельгияны, әлем чемпионатының қола жүлдегері Бельгияны 2:0 есебімен тас-талқан етіп жеңеді деп ешкім ойламағаны анық. Топтық турнирде Марокко тағы Хорватиямен 0:0 есебімен тең түскен.

Осы әлем чемпионатыныӊ жеребесі тартылғаннан бері көбісі «E» тобын «Өлім тобы» деп атады. Ал іс жүзіне келгенде «F» тобы «Өлім тобы» болып шықты. Өміршеӊдігі соншалық, екі бірдей құрама осы топтан жартылай финалға жетті. Марокко мен Хорватия үшінші орын үшін таласқа түсті. Бұл матчта қола медаль африкалықтардың уысынан кетсе де олар  чемпионатта жақсы қырынан көрінді. Африка құрлығынан жартылай финалда өнер көрсету құрметіне ие болған марокколықтар алдымен Испаниямен негізгі уақытты 0:0 есебімен тең аяқтап, пенальтиде (3:0) басым түссе, соңынан нағыз сенсация жасап, Португалияны 1:0 етіп ұтып кетті. Биылғы додада Марокконың сапында бас жаттықтырушысы Валид Реграридің жігіттері –  Буну, Хакими, Дари, Әл-Ямик, Аттийят-аллах, Амалла, Зиеш, Унаи, Амрабат, Буфаль, Ән-Несири бір үйдің баласындай өнер көрсетті.

P.S: 1986 жылдан бері футболды үзбей қарап келе жатқан кезден бері байқағаным, құрлықтық болсын, әлемдік дода болсын бір ойынның командасы, бір чемпионаттың командасы деген болады екен. Яғни, Сауд Арабиясы сияқты бір құрамалар бір ойында азулы қарсыласын жеңіп, сенсация жасайды да қалған матчтарда сүреңсіз ойын көрсетіп, жоқ болып кетеді. Жапония, Оңтүстік Корея, Мексика, Бельгия сияқты елдердің жасақтарын бір чемпионаттың командалары деуге болады. Олар  әлем чемпионаттарына тұрақты түрде қатысып, мықты деген құрамалардың діңкесін құртып, мысын басуға тырысып, біраз жерге дейін барып келеді. Бұл командаларды «шағылмайтын жаңғақ» дейді. Ал биылғы бәсекеде біраз командаларды есеңгіреткен Марокко сияқты құрамаларды «жұмбақ жасақ» десек болады. Әлі есімде, 1990 жылы Камерун Аргентинаны чемпионаттың бірінші матчында тоғыз ойыншымен 1:0 есебімен жеңгенде комментатор «Біз Африканың ойынын көрмейміз, қарамаймыз. Сондықтан олардың жеңістеріне таңқалып қараймыз», деген еді. Расымен де солай. Біз Африка командаларының ойындарын қарамаймыз. Сондықтан да олар Еуропа құрамаларын жеңсе ойындарына таң-тамаша боламыз.

Сұхбат

PhotoRoom