Жазушының кабинетінде екі мыңға жуық кітап бар
Алматы қаласында қазақтың халық жазушысы, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Ғабит Мүсіреповтің мемориалдық музей-үйі 1991 жылы ашылған.
Қазақтың халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтің 1968-1985 жылдары тұрған үйі қазір жазушы шығармашылығы мен өміріне қызығушылық танытқан оқырман үшін таптырмайтын жер.
Музей 1991 жылы ашылған. 1999 жылы бір-бірімен құда болған қос қаламгер Ғабит Мүсірепов пен Сәбит Мұқанов музейі бірікті.
Нысан Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарайды. Ішінде жазушының жеке заттары, кітапханасы, қолданған ыдыс-аяғы сақталған.
Музей екі бөлімнен тұрады: әдеби және мемориалдық бөлім. Мемориалдық бөлім жазушының өзі тұрған кездегі қалпын толық сақтап қалған. Әдеби залда жазушының өмірбаяны, шығармашылығы, зерттеу еңбектері, алған атақ-марапаттары, отбасылық суреттері қойылған.
Мемориалдық бөлімде жұмыс кабинеті, жазу үстелі, кітапханасы, көзі тірісінде соңғы қолданған сия сауыттары, домбырасы сақтаулы тұр.
Қонақ бөлмесінде де жазушы киген киімдер, аяқ киімдері, сервант, айнасы, сыйға берілген шам секілді тұрмыстық бұйымдар бар.
Ғабит Мүсіреповтің шығармаларын тек қарындашпен жазғаны белгілі. Қаламгер қате кеткен жерін өшіріп, қарындашпен қайта жазып отырған. Жазушының жазу үстелінде өмірінің соңында қолданған қарындаштары, кітап, көзәйнегі, күлсалғышы қаз қалпында тұр.
Жазушының кабинетінде 2000-ға жуық кітап бар.
Фото авторы: Sputnik Қазақстан / Тимур Батыршин