ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ОРДАБАСЫДА ЖАҢА ЗАУЫТТАР САЛЫНЫП ЖАТЫР

19.02.2026, 12:29
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ОРДАБАСЫДА ЖАҢА ЗАУЫТТАР САЛЫНЫП ЖАТЫР

Ордабасы ауданында инвестициялық жобалар жүзеге асып, жаңа зауыттар салынуда. Қыш зауыты, аллюминий профилі өнімдерін өндіретін зауыт, инновациялық темірбетон өндіретін өндіріс орны ашылған.

       Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен инвестициялық штабтың отырысында өңірдегі маңызды жобалар мен бірнеше аудан, қала әкімдерінің инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу бағытындағы есептері тыңдалды. Олардың арасында Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы және алдағы жоспарлар жөнінде жан-жақты баяндады.

      Баяндама барысында ауданға инвестиция тарту, өндіріс көлемін арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Соңғы жылдары Ордабасы ауданында инвестициялық ахуал айтарлықтай жақсарып, бірқатар ірі жобалар іске асырылғаны атап өтілді.

         Аудан әкімі өткен жылы жалпы құны 11,5 млрд теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 364 жаңа жұмыс орны құрылғанын жеткізді. Атап айтқанда, қыш зауыты, аллюминий профилі өнімдерін өндіретін зауыт, инновациялық темірбетон өндіретін өндіріс орны ашылған. Сонымен қатар соңғы 4 жылда аудан экономикасына 173,8 млрд теңге инвестиция тартылып, оның ішінде 2025 жылы 59,6 млрд теңге игерілген. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда едәуір жоғары.

        Алдағы кезеңге жоспарланған жобалар туралы да ақпарат беріліп, 2026 жылы жалпы құны 55 млрд теңгені құрайтын 57 жоба іске асырылып, 1163 жаңа жұмыс орны ашу көзделіп отырғаны айтылды. Жобалар өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, шағын кәсіпкерлік, энергетика және туризм салаларын қамтиды.

         Сонымен бірге аудан аумағында «Бадам» индустриялық аймағы мен «Темірлан» өндірістік паркін дамыту, инфрақұрылыммен қамту жұмыстарының кезең-кезеңімен атқарылып жатқаны баяндалды. Қытай Халық Республикасымен бірлескен жобалар аясында өндіріс, агроөнеркәсіп және инновациялық бағыттағы бастамалар қолға алынған.

          Облыс әкімі Нұралхан Көшеров инвестициялық жобалардың уақтылы әрі сапалы іске асуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ жұмыс орындарын көбейтуге басымдық беруді тапсырды.

       Жаңа өндірістер ашу, мәселен, қандай да бір зауыт немесе фабриканы іске қосу – бұл кез келген кәсіпкер тәуекел ете бермейтін қажырлы еңбек пен ұзақ уақытты талап ететін процесс. Сол үшін де мемлекет бизнес-бастамаларды, атап айтқанда, ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша әзірленіп, Үкімет бекіткен 2021-2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде қолдау шаралары қарастырылған. Және соның негізінде елімізде көптеген өндіріс орындары өз жұмысын бастаған болатын.

     Жыл сайын осындай қолдауға мұқтаж ондаған мың кәсіпкер мемлекеттің көмегіне жүгінеді: біреулерге субсидиялау немесе несиелер бойынша кепілдік алу керек болса, енді біріне – инновациялық идеяларын іске асыру үшін грант, кей кәсіпкерлерге – тиісті инфрақұрылымды жүргізу және консультациялық қызметтер алу қажет.

      Әлбетте, осындай бірлескен жұмыстардың нәтижесінде ел экономикасының қуатын арттыратын жаңа кәсіпорындар пайда болады. Олардың іске қосылуы бәсекеге қабілетті экономиканы дамытуға, импорттың орнын алмастырып, республиканың экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа кәсіпорындардың ашылуы қоғамның өзге де салаларына, соның ішінде еңбек нарығында жаңа жұмыс орындарын құруға, сол арқылы халықты жұмыспен қамтуға мультипликативті әсер етеді.

       Қорытындылай келе, мемлекет «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы соңғы 25 жылда жалпы сомасы 10,3 трлн теңгеден асатын 180 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетті. Сонымен қатар елімізде қаржылық, инфрақұрылымдық және консультациялық қолдау шараларынан бөлек, жалпы бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасалуда. Атап айтқанда, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет негізсіз қойылатын талаптар мен тексерулердің күшін жою, салық рәсімдерін жеңілдету, кәсіпкерлікті одан әрі дамыту үшін жаңа ынталандыру шараларын қабылдау бағытында да мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруде.