Былтыр 56,4 млрд теңге инвестиция тартылып, жоспар 5,4 млрд теңгеге артығымен орындалды. Мақтаарал ауданы ірі индустриялық орталыққа айналып келеді. Соңғы жылдары Түркістан облысына қарасты Мақтаарал ауданы әлеуметтік-экономикалық даму бағытында айтарлықтай көрсеткіштерге қол жеткізіп, ірі индустриялық орталықтардың біріне айналып келеді.
Өнеркәсіп өндірісінің өсуі, инвестиция көлемінің артуы және жаңа өндіріс орындарының іске қосылуы – аудан экономикасы нығайтып, жаңа деңгейге көтерді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Мақтарал ауданында өнеркәсіп өнімінің көлемі 24,6 млрд теңгеге жетіп, 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 21,9 пайызға өсті. Сонымен қатар былтыр 56,4 млрд теңге инвестиция тартылып, жоспар 5,4 млрд теңгеге артығымен орындалды. Бұл көрсеткіштер ауданда ірі жобалардың іске асырылып жатқанын және жаңа өндірістер мен жұмыс орындарының ашылып жатқанын айқын көрсетеді.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес өңірге инвестиция тарту, өнеркәсіп орындарын ашу, жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы орайда Мақтаарал ауданында аудан әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен инвестиция тарту бағытында үлкен жобалар қолға алынды. Атап айтқанда, өткен жылы «Агрогруз» ЖШС тарапынан бақша өнімдерін экспорттауға арналған бекет, «GOLDEN RICE» ЖШС-ның күріш өңдеу зауыты және «BEGASH» ЖШС-ның пластик трубалар өндіру жобалары іске қосылды. Ал биыл мақта тұқымын және мақта майын өңдеу зауыттары, темір-бетон және асфальт өндірістері, тігін фабрикасы, тоқыма цехы, күріш өңдеу және ет өнімдерін терең өңдеу зауыттары жүзеге асырылуда.
Ауданда жалпы аумағы 28,2 гектарды құрайтын индустриалды аймақ бар. Бүгінгі таңда бұл аумаққа 5,16 млрд теңге инвестиция тартылған. Қазіргі уақытта инвесторлар үшін тағы 2,14 гектар бос жер қарастырылып отыр.
Индустриалды аймақта бірқатар өндіріс орындары табысты жұмыс істеуде. Солардың ішінде жылына 65 мың тонна мақта талшығын өңдейтін «ZHANASSYL» ЖШС, асфальт және темірбетон өнімдерін шығаратын кәсіпорындар, мақта өңдеу және асфальт зауыттары бар. Аталған кәсіпорындар жүздеген адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. 2025-2026 жылдары іске асырылып жатқан жобалар да қарқынды жүргізілуде. Оның ішінде тағы бір асфальт зауытының құрылысы, пластик труба шығару, мақта тұқымын өңдеу және мақта талшығынан өнім өндіретін цехтардың құрылысы кезең-кезеңімен аяқталады.
Бұдан бөлек, Жамбыл ауылдық округінің аумағында 100 гектар жер телімі арнайы экономикалық аймақ ретінде белгіленген. Оның 50 гектары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық байланыстарды дамыту мақсатында «Орталық Азия» халықаралық өндірістік кооперация орталығына берілді. Қалған аумақта жалпы құны 185,1 млрд теңгені құрайтын 7 ірі өндірістік жоба іске асырылмақ. Нәтижесінде 1200 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Аталған жобалар 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен іске қосылады.
Айта кетейік, бүгінде Мақтаарал ауданында инвестициялық ахуал жақсарып, отандық және шетелдік инвесторлардың қызығушылығы күннен-күнге артуда.
Облыс әкімінің тапсырмасымен биыл су үнемдеу технологиясына мемлекет тарапынан беріліп жатқан қолдаулар нәтижесінде 6 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологияларын ендіру жоспарланып отыр. Мақтаарал ауданында қазірдің өзінде 4895 гектар егістік алқапқа иелік ететін 89 шаруа қожалықтың жаңа технологияны пайдалануға ниетті екені анықталды. Оның ішінде 1,3 мың гектары мемлекет тарапынан берілетін субсидия алуға құжаттарын өткізген. Сонымен қатар, жыл басынан бері 2186 гектар бақша және қырыққабат дақылдарына су үнемдеу технологиясы енгізілген болса, бүгінде 129,4 гектар мақта дақылына және 35 гектар күріш дақылына жаңа технологияны енгізу жұмыстары басталды.
Мақтаарал ауданындағы барлық 68 елді мекен 100% орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Сондай-ақ, 68 елді мекеннің 45-і табиғи газбен қамтылған, бұл аудандағы елді мекендердің жалпы санының 66,1%-ын құрайды. Бұдан бөлек, ауданда «Ауыл – Ел Бесігі» бағдарламасы аясында 10 айда 20,7 шақырымды құрайтын 22 көшенің ішкі көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Мақтаарал ауданы – Қазақстандағы мақта өндірісінің жүрегі. Иә, бұл саланың алдында көптеген қиындықтар бар. Алайда, егер мемлекет, фермерлер және ғылыми қауымдастық бірлесе әрекет етсе, мақта шаруашылығы қайтадан серпін алып, еліміздің экономикасына зор үлес қоса алады.