Мемлекет басшысы отандық бұқаралық ақпарат құралдары қызметінің сапасын арттыру қажеттігіне назар аударды.
- Министрлік дәл осы мақсатпен құрылды. Барлық әлемдік, соның ішінде ресейлік БАҚ өз елінің азаматтарының патриоттық сезімін арттыруға, дер кезінде ақпарат ұсыну және барлық мәселеге уақытылы үн қату арқылы сырттан келетін ақпараттық шабуылдарға қалқан бола отырып, ішкі саяси тыныштықты сақтауға көмектеседі. Қажет болған жағдайда халықаралық тәжірибені енгізіп, осындай жұмыстар атқару керек. Бұқаралық ақпарат құралдары - орасан күш, бұл әсіресе көптеген қатері бар интернет кеңістікке қатысты, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті қазіргі кезде мемлекет елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін жүйелі шаралар қабылдап жатқанын, оны халыққа тиісті түрде жеткізу қажеттігін айтты.
- Барлық БАҚ меншік формасына қарамастан, өз халқының мүддесі үшін жұмыс істеуге тиіс. Бұл ретте мемлекеттік тапсырыс аясында берілетін қаражаттың қатаң есебін жүргізу қажет. Бұл мәселені заң деңгейінде реттеу қажет болса, солай істеу керек, - деді Мемлекет басшысы.
Д.Абаев ұйымдастырушылық жұмыстары тұрғысынан министрліктің қалыптасу кезеңі аяқталғанын, жүктелген міндеттерді орындауға дайын екенін мәлімдеді.
Нұрсұлтан Назарбаев кездесу қорытындысы бойынша мемлекеттік ақпараттық саясатты одан әрі ілгерілету, мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімді тетіктерін енгізу және телекоммуникациялық инфрақұрылымды жетілдіру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді,- деп хабарлайды ҚазАқпарат.