24.05.2024 в 15:39

Мемлекет басшысы Сингапурдың үшінші Премьер-министрімен кездесті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапурдың үшінші Премьер-министрі, аға министрі Ли Сянь Лунмен кездесуінде екі ел арасындағы ынтымақтастықты жоғары бағалайтынын атап өтіп, Сингапурдың аға министрін жаңа лауазымымен құттықтады.

Президент ел басшылығының үшінші буыны теңдікке, меритократияға, тиімді басқару мен әлеуметтік үйлесімділікке негізделген табысты әрі ұшқыр ойлы ұлт қалыптастыру секілді Ли Куан Ю мұрасының озық үлгісін сақтап, дамытып келе жатқанына назар аударды.

Өз кезегінде Ли Сянь Лун екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, Сингапур Қазақстанмен стратегиялық әріптестікті одан әрі жалғастыруға ниетті екенін айтты.

Кездесуде сауда-экономика, инвестиция, қаржы, көлік-логистика және гуманитарлық салалардағы ықпалдастық мәселелері талқыланды. Сондай-ақ халықаралық күн тәртібінің өзекті бағыттары жан-жақты қарастырылды.