Рим қаласына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен қазақстандық делегация «Орталық Азия + Италия» III Министрлік конференциясына қатысты.
Аталған Коференцияда министр М.Нұртілеу Орталық Азияның бүгінгі мүмкіндіктері жайында сөз етіп, бұл жиын Италияның аталған өңірдегі елдермен ынтымақтастығының жаңа салаларын айқындауға мүмкіндік беретіндігін айтты.
Италия Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Антонио Таяни бірқатар маңызды салаларда, атап айтқанда білім, энергетика, климаттың өзгеруі секілді бағыттарда бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Тәуелсіз сарапшылар бұл кездесу Италияның аталған өңірдегі елдермен экономикалық байланысын нығайта түсетініне сенім білдірді.
Конференция барысында аталған салалар бойынша тақырыптық сессиялар өтіп, оған Сыртқы істер және энергетика министрліктерінің, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ және Университеттер өкілдері қатысты.
Сонымен қатар, Италияға жұмыс сапары барысында еліміздің Сыртқы істер министрі ірі итальяндық компаниялардың басшыларымен кездесті.
«Leonardo» трансұлттық компаниясының президенті Стефан Понтекорво кездесуде табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, пайдалы қазбаларды өндіруге қатысты ауыл шаруашылығын басқару жүйесін ұсынды.
«Dpi Sekur» компаниясының президенті Витторио Де Блазииспен жеке қорғану құралдарын шығаруға қатысты әріптестік талқыланды.
«Agroittica» компаниясының бас директоры Карла Сорамен бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру, «Curator» компаниясының президенті Фабио Помпеимен су ресурстарын ұтымды пайдалану, «NEOS Airlines» әуекомпаниясының бас директоры, Италия-Қазақстан сауда қауымдастығының президенті Марко Береттамен елімізді туристік орталық ретінде ілгерілетуге бағытталған «Road to Kazakhstan» жобасы талқыланды.