10.07.2014 в 20:32

Президент Алматыда қабылдаулар өткізді

 

Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министр Кәрім Мәсімовті және Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовті Алматыдағы резиденциясында қабылдады.

К.Мәсімов Мемлекет басшысына еліміздің бірінші жартыжылдықтағы экономикалық дамуының негізгі қорытындылары жөнінде айтып, Үкіметтің екінші жартыжылдыққа арналған жұмыс жоспары туралы баяндады.

Нұрсұлтан Назарбаев негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің және валюта нарығындағы ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету қажеттілігін атап өтті, сондай-ақ әлемдік қаржы нарықтарында қалыптасып отырған ахуалға орай ұдайы болатын қатерлерге талдау жүргізуге баса назар аударды.

Қ.Келімбетов елдің қаржы секторы мен банк жүйесінің жағдайы, сондай-ақ Ұлттық банк жүргізіп отырған ақша-кредит саясаты жөнінде мәлімдеді.

Ұлттық банк басшысының мәліметіне сәйкес, 2014 жылғы бірінші тоқсанда ІЖӨ-нің нақты өсімі 3,8% болды. 2013 жылғы бірінші тоқсанмен салыстырғанда тауарлар экспорты 10,8 %-ға өсіп, 22,7 млрд АҚШ долларына жетті, ал тауарлар импорты 14,6%-ға төмендеп, 8,7 млрд АҚШ долларын құраған. Алдын ала деректер бойынша, Ұлттық қор мөлшері шамамен 77 млрд АҚШ долларына жеткен.

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы елдің қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету және экономиканың даму қарқынын сақтау жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.