Отырысқа ҚР ішкі істер министрінің бірінші орынбасары М.Демеуов пен құқық қорғау органдарының өкілдері және облыстық, сондай-ақ, аудандық әкімдіктердің қызметкерлері қатысты.
Штаб жиыны барысында облыс әкімі қабылданған шаралар жайымен танысып, аталған елді мекенде тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету үшін нақты тапсырмалар берді.
Мұнан соң Бейбіт Атамқұлов жергілікті халықпен, оның ішінде, ауылдың ақсақалдарымен және аудандық мәслихат депутаттарымен кездесті. Онда өңір басшысы кәмелет жасқа толмаған жасөспірімнің зорлық-зомбылық әрекетінің расталмағанын айтып, медициналық сараптаманың қорытындысын жариялады. Аймақ басшысы аталған жағдайдың қылмыстық сипатта екенін атап өтіп, ауыл тұрғындарын жалған ақпараттар мен қауесеттерге сенбеуге шақырды.
Жиын кезінде облыстың бас прокуроры И.Иманов сөз алып, елді мекенде заң бұзушылықты болдырмаудың қажетті шаралары қабылданғанын жеткізді.
Аталған елді мекендегі қоғамдық қауіпсіздік пен тұрақтылықтықты қамтамасыз ету шаралары жалғасатын болады. Жағдай қатаң бақылауда.
Еске сала кетейік, 1 шілде күні ОҚО ІІД-нің баспасөз қызметі Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданының Сейфуллин ауылында тұрғындар арасында бұзақылық іс-әрекеттер орын алғанын хабарлаған болатын.
“Бұзақылық әрекеттердің орын алуына, Сейфуллин ауылы тұрғынының кәмелет жасқа толмаған қызына сексуалды сипаттағы әрекеттер жасалды деген күдігі себеп болған. Ата-анасының бақылауымен дәрігерлер жас қыздың денесінің интимді жерлерін тексеріп, нәтижесінде патологиясы мен дене зақымдары анықталмады”, — делінген Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің хабарламасында.