17.07.2014 в 11:21

Астанада ЮНЕСКО-ға қатысты жиын өтеді

 

22-24 шілде күндері елордада ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиялардың бірінші өңіраралық кеңесі өтеді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті.

«ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиялардың бірінші өңіраралық кеңесінің Қазақстанда өтуі - біз үшін зор мәртебе. Бұл біздің Елбасымыздың халықаралық деңгейдегі беделін білдіреді», - деді ол.

Министрдің атап өтуінше, аталған шара ұлттық комиссиялардың өзара әріптестігін, сонымен қатар олардың ЮНЕСКО Хатшылығымен байланыстарын нығайту жолдарын айқындау әрі ұйымның күн тәртібіндегі проблемаларын кеңінен талқылау мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Кеңес жұмысына ЮНЕСКО-ға мүше 130-дан астам мемлекеттің ұлттық комиссияларының өкілдері және АЛЕКСО, ОАЗХИ, ТҮРКСОЙ сынды серіктес халықаралық ұйымдардың басшылары қатысады. ЮНЕСКО хатшылығы делегациясын ұйым бас директорының сыртқы байланыстар және қоғамдық ақпарат жөніндегі орынбасары Э.Фальт басқарады.