Астанада ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиялардың аймақаралық І кеңесінің жұмысы басталды.
Оған ЮНЕСКО-ның барлық бес өңірлік топбынан, Араб мемлекеттері, Азия және Тынық мұхиты, Еуропа және Солтүстік Америка, Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдерінен 125 мемлекеттің Ұлттық комиссияларының өкілдері, сондай-ақ ҚР Мемлекеттік хатшысы Әділбек Жақсыбеков қатысып отыр.
Кеңес аясында сегіз қазақстандық нысанның (Алматы облысындағы Қаялық, Қарамерген, Талғар және Жамбыл облысындағы Ақтөбе Степнинское, Ақыртас, Құлан, Қостөбе, Өрнек) Қырғызстан және Қытай тараптарымен бірге дайындалған «Ұлы Жібек жолы: Жібек жолының бастапқы бөлігі, Тянь-Шань дәлізі бағыттарының жүйесі» жөніндегі сериялық трансшекаралық номинациясының ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілуіне, сонымен қатар, екі қазақстандық табиғи резерваттардың «Қатонқарағай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен «Ақжайық» биосфералық аумағының ЮНЕСКО Бүкіләлемдік биосфералық резерваттар жүйесіне енгізілуіне байланысты арнайы сертификаттарды табыстау салтанаты өтеді.
Сонымен бірге ЮНЕСКО Бас директоры И.Боконаның шешіміне сәйкес Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетовті ЮНЕСКО мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың нығаюына, сондай-ақ Ұлы Жібек жолы мұрасын сақтауға аса көрнекті үлес қосқаны үшін Ұлттық комиссиясының құрметті медалімен марапаттау салтанаты жоспарлануда.
Жиналыстың мәдени бағдарламасының аясында екі көрме, халық шығармашылығының концерті, экскурсиялар мен «Астана аясындағы мыңжылдық» Көшпенділер өркениетінің фестивалін тамашалау жоспарланып отыр.