07.09.2016 в 10:41

Елбасы G20 саммитінде бірқатар мемлекет басшыларымен келіссөздер өткізді

Қазақстан Президенті G20 саммитіне қатысу аясында бірқатар мемлекет және делегация басшыларымен қысқа келіссөздер өткізді.Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті В.Путинмен, Франция Президенті Ф.Олландпен, Германияның Федеральды канцлері А.Меркельмен, Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хемен, Оңтүстік Африка Республикасының Президенті Д.Зумамен, Мысыр Президенті А.Сисимен, Сенегал Президенті М.Саллмен, сондай-ақ Аргентина Президенті М.Макримен әңгімелесті.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Испанияның Премьер-Министрі М.Рахой, Италияның Премьер-Министрі М.Ренци, Үндістанның Премьер-Министрі Н.Модимен екіжақты ынтымақтастықтың түрлі мәселелері жөніндегі пікір алмасты.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті халықаралық ұйымдардың басшылары - Еуропалық кеңестің төрағасы Д.Тускпен, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры К.Лагардпен, Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңестің төрағасы М.Карнимен және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының басшысы А.Гурриамен өзара іс-қимылдың кейбір жайттарын талқылады.

Сонымен қатар Елбасы Назарбаев G20 саммиті аясында Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселелерді бір талдап шықты. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері қарастырылды. Тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселелер, соның ішінде Таяу Шығыс пен Орталық Азиядағы жағдай жөнінде де пікір алмасты.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысы жаһандық терроризммен және экстремизммен күресте халықаралық қоғамдастықтың күшін жұмылдырып, іс-қимылды нақты үйлестіру қажеттігін атап өтті.

Мемлекет басшысы Еуропалық комиссияның төрағасы Жан-Клод Юнкермен де кездесті. Кездесуде Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы саяси және сауда-экономикалық байланысты нығайту перспективалары қарастырылды. Тараптар еліміз бен ЕО арасындағы кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің маңыздылығын атап өтіп, қарым-қатынастың одан әрі қарқынды дами беретініне сенім білдірді.

Бұдан бөлек Қазақстан Президенті  Нұрсұлтан Назарбаев G20 саммиті аясында Ұлыбритания Премьер-Министрі Тереза Мэймен кездесіп,  елдер арасындағы екіжақты өзара қарым-қатынас мәселелерін талқылады, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді қарастырды.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Д.Кэмеронның Премьер-Министр болған кезінде өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне қол жеткізілгенін атап өтіп, Т.Мэйді елімізге сапармен келуге шақырды.

G20 саммиті аясында Н. Назарбаевтың Канаданың Премьер-Министрі Джастин Трюдомен кездесуі де сәтті өтті. Кездесу кезінде Қазақстан мен Канада арасындағы ынтымақтастықтың сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалар тәрізді басты бағыттарына қатысты пікір алмасылды. Бұдан бөлек, халықаралық дамудың көптеген мәселелері бойынша ұстанымның ортақтығы, сондай-ақ түрлі салаларда, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласында екіжақты өзара іс-қимылды нығайту үшін зор әлеует бар екені айтылды.

Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев Д.Трюдоны Астанаға сапармен келуге шақырды.