«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басшылығы директорлар кеңесінің алдында 2014 жылдың алғашқы жартысындағы компаниялар тобының қызмет нәтижелері туралы есеп берді. Кеңес отырысы ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өтті, деп хабарлады холдингтің баспасөз қызметі.
Директорлар кеңесі мүшелеріне ұсынылған, аудиты жүргізілмеген алдын ала деректемелерге сәйкес, 6 айдың қорытындылары бойынша холдинг активтерінің көлемі 2 113 449 млн.теңгені құрады. Бұл ретте, холдинг табысы 73 775 млн.теңгені, ал таза кірістің көрсеткіштері - 11 851 млн.теңге құрады.
Жартыжылдықтың қорытындылары бойынша «Бәйтерек» компаниялары тобының басты оқиғалары: «Қазақстан - 2050» стратегиясын іске асыруға бағытталған холдингтің 2014 - 2023 жылдарға арналған Даму стратегиясын бекіту, өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі бағдарламаны іске қосу, ЭКСПО-2017 бағдарламасы шеңберінде жылжымайтын мүлік объектілерінің құрылысын қаржыландырудың тетігін айқындау, мемлекеттік-жеке әріптестік жобаларын сүйемелдеу орталығын құру, сондай-ақ халықаралық рейтинг агенттігінен BBB+ (болжамы тұрақты) кредиттік рейтингісін алу болып табылады.
Холдингтің еншілес ұйымдары 32,7 млрд.теңге сомасына 7179 тұрғын үй займдарын берді, 54,3 млрд. теңге сомасына 15 жобаны қаржыландырды, құны 46,8 млрд. теңгені құрайтын 6 жобаны пайдалануға берді, 1,7 млрд. теңге сомасына 17 экспорттық операцияны қолдады. Мысалы, мынадай жобалар қаржыландырылды: «Toyota» лицензиясы бойынша автокөлік өндірісін кеңейту, Ақтөбе қаласында рельс-бөрене зауытының құрылысы, Қостанай қаласында сұрыпты прокат шығару зауыты, сонымен қатар, үй құрылысы комбинаттарын ұйымдастыру бойынша лизингтік мәмілелер, трансформатор шығаратын зауытты жаңғырту және қуаттылығын ұлғайту және т.б.
Өз кезегінде, Директорлар кеңесі Қазақстан Республикасы Ұлттық қорынан бөлінген қаражатты пайдалану туралы ақпаратты қарастырды. Бүгінгі күні 13 екінші деңгейдегі банктер жалпы сомасы 71 473 млн. теңгеге өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта бизнес субъектілерінің 290 жобасын мақұлдады.
Директорлар кеңесінің отырысында 2013 жыл үшін холдингтің басқарма төрағасы мен мүшелері қызметінің түйінді көрсеткіштер карталарының нәтижелілігі бекітілді.
Директорлар кеңесі холдингтің корпоративтік шиеленісті және мүдделік шиеленісті реттеу саясатын, сондай-ақ холдингтің ақпараттық қауіпсіздік саясатын бекітті.