Еске сала кетейік, Galaxy Note 7 смартфондары тамыз айының басында сатылымға шығарыла бастаған. Көп ұзамай, оны алған алғашқы тұтынушылар гаджеттің өзінен-өзі жарылып не өртеніп кеткені туралы шағым жасаған. Осыдан кейін компания өз өнімін жаппай кері қайтарды. Аккумуляторындағы ақауды реттеп, сатылымға қайта шығарды. Қаржы саласындағы сарапшылардың айтуынша, Galaxy Note 7 төңірегіндегі дау оңтүстіккореялық компанияға 17 миллион доллар шығын әкелуі мүмкін. Тіпті, қаржылық шығын мен халық арасындағы беделін жоғалтпау үшін енді компания смартфонның бұл үлгісін шығарудан мүлде бас тартуы да ғажап емес.
Ким Ин Ен, Сеул тұрғыны: - Егер Samsung компаниясы аккумулятордағы ақау кесірінен Galaxy Note 7 смартфондарын сатуды тоқтататын болса, оның беделіне айтарлықтай нұқсан келеді. Тіпті, жаңа смартфон ойлап тапқан күннің өзінде тұтынушылардың сеніміжоғалады.
Ли Вон Чин, Сеул тұрғыны: - Samsung компаниясы шығарған дәл осы үлгіні сатып алуды көптен бері армандап жүр едім. Бірақ енді сапасына күмәнмен қарап тұрмын. Компания кеткен кемшілікті түзетіп, сатылымды қайта жалғастырады деп үміттенемін.