Қазір лауазымды тұлғаларға өз ойын жеткізу үшін, жоспарымен бөлісу үшін газет, сайт, ТВ басшыларының келісімін алып жүру маңызды емес. Мәтіні сүзгіден өтіп, редактордың шимауынан шығып барып жарияланатын уақыт артта қалып бара жатқандай. Шұғыл дүние болса гаджет қолында, мәтін (фотосымен, видеосымен) алдында жатыр. Аласыз да фейсбук, инстаграм, твиттерде жариялай саласыз. Дәмді әрі тез дегендей, жылдам әрі тиімді жол.
Дәстүрлі медианың ықпалын жоққа шығара алмаймыз. Бірақ кейбір жағдайда әлеуметтік желілерермен тайталаса алмайтынын көріп отырмыз. АҚШ-та президент сайлауы кезінде күллі америкалық медиа Хиллари Клинтонның жағына шығып, науқан басталғаннан күні-түні шашбауын көтерді. Нәтижесі өздеріңіз көргендей.
Қазақстандағы ірі лауазым иелерінің әлеуметтік желіні пайдалануы соңғы уақытта біршама артып келеді. Мәселен, кеше ғана Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев фейсбуктегі аккаунтын ашты. Дін мәселесі бізде ушығып тұр. Ашық диалог қазір үстел басында емес, әлеуметтік желілердегі қызу талқыланады. Телеарналар мықты спикерлерді шақырып, ашық алаң ұсынғанмен, уақыт тапшы, шектеулі. Сондықтан әлеуметтік желілерде кез келген уақытта хиджап, сақалмен басталған мәселе таңнан кешке дейін талқылана береді. Әрбір талқылауға өз деңгейінде мониторинг, анализ жасалғанмен, осы диалогтың ортасында министрдің өзі болуы да артықшылық. Осы тұрғыда министрдің фейсбукке тіркелуі әбден құптарлықтай.
Дәурен Абаев ақпарат және коммуникация министрі қызметіне тағайындала сала фейсбукте аккаунтын ашты. Қазір әлеуметтік желіде (нақтырақ фейсбукте) тіркелмеген журналист жоқтың қасы. Сондықтан, Абаевтың басты аудиториясы әр сөзін бағып осында отыр. Ұлттық брендті анықтау жөніндегі байқау ұйымдастырғанда, «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасына байланысты талқылауды ортаға салып, көпшіліктің пікірін білді. Журналистер де барлық мәселесін, ойларын бөлісіп, Абаевпен ашық диалог құруға көшті.
Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің те фейсбукте тіркелгеніне көп болған жоқ. Соған қарамастан фейсбукте өз аудиториясын тауып үлгерді. Бір ерекшелігі Жеңіс Қасымбектің аккаунты емес, ресми парақшасы жұмыс істейді. Министрліктің жетекшілік ететін салалары көп болғандықтан, ұжымның жұмысын рет-ретімен көрсетіп келеді. Инвестиция тарту, жеңіл өнеркәсіп, транспорт саласында соңғы уақытта қандай көрсеткіш барын дәстүрлі түрде инфографикамен көрсетіп келеді.
Ауыл шаруашылығы экс-министрі Асылжан Мамытбеков те фейсбукке тіркеліп, жұмыс істей бастаған еді. Мамытбеков ведомства басшысы болып тұрғанда басынан қара бұлт кетпеді. Сын көп айтылды, халықтың көңілі толмады. Сол себепті айына, жылына бір пост жариялап тұратын. Соңғы рет Жер дауы басталғанда Жер туралы Заңды түсіндірем деп екі тілде ақпарат таратты. Бірақ, көп ұзамай қызметінен де босады.
Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев те әлеуметтік желіде белсенді. Қызметіне энтузиазммен кіріскені байқалады. Әрбір жыл еткен әкімшілік жұмысын бөлісіп отырады. Одан бөлек ұлы тұлғалардың, табысты адамдардың өмірлік ұстанымдарын жастарға үлгі етіп ұсынады.
Твиттерде Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бар. Оқырмандарының саны 100 мыңға жетіп қалды. Арагідік қоғамдық талқыға түсетін ойларын 140 символға сыйғызып жариялайды. Соңғы рет жазған «Ағылшын тілінде QAZAQSTAN еліміздің ұлттық негізін дұрыс көрсетпек» деген твиті әлі күнге дейін талқыланып жатыр. Сенаттың жалпы отырысын, елімізде боп жатқан барлық ауқымды шараларға байланысты пікірін білдіріп отырады.
Әлеуметтік желіде ең белсенді бұрынғы Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов болатын. Твиттер мен инстаграмда Кәрім Мәсімовтің әлі де «ізі сайрап» жатыр. Твиттерде 100 мың, инстаграмда 140 мың оқырманы бар. Әйтсе де, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып тағайындалған соң Кәрім Қажымқанұлы үшін бәрі де сап тиылды.
Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Əбдірахымовтың да инстаграмда парақшасы бар. Бірақ, белсенді жұмыс істемейді. Арагідік қала тіршілігі жайлы фото салып тұратыны бар. Кейбір дереккөздері бұл парақша қала әкімінікі емес дегенді айтады.
Тізе берсек, әлеуметтік желіні пайдаланатын бірнеше шенеунік бар. Ал, басым бөлігі басқа атпен аккаунтқа тіркеліп, бақылаушы болып қана отыр. Сол себепті, жоғарыда аты алған лауазым иелерінің ашық ақпараттық саясат ұстанып, халыққа бір қадам болса да жақындағаны құптарлықтай әрекет. Сондай-ақ, олардың дені жаңа буын басқарушылар. Алдағы уақытта халықмен тығыз байланыс орнатпайтын орган басшылары туралы жазатын боламыз.
Досжан МЕЙІРІМ