21.11.2016 в 13:20

Түркияда әлі Елшіміз жоқ. Ал, кандидаттар бар ма?!

Түркия – Қазақстанның сыртқы саясатында үлкен маңызға ие елдердің бірі. Тіпті, Қазақстанның тәуелсіздігін таныған алғашқы мемлекет – осы Түркия. Бірақ, Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі әлі күнге дейін тағайындалған жоқ. Оған себеп не? Кандидат жоқ па?

Жансейіт Түймебаевтың ОҚО әкімі болып тағайындалғанына бір айдан асыпты. Нақтырақ айтсақ, 45 күн өтіпті. Демек, 45 күннің ішінде Түркиядағы елшімізді сайлап үлгермедік. Өйткені, терроризммен күрес, басқа да ілкімді жұмыстар күтіп тұр. Дегенмен, дипломатияда агреман деген дүние бар. Қазақстан ұсынған кандидатты Түркия жаратпауы да мүмкін. Сондықтан, бұл уақытты талап етеді.

Әрине, елшіні кез келген жағдайда елге қайтаруға, қызметінен босатуға мүмкіндік бар. Бірақ, Түркия - ол Польша емес, ол Аргентина емес, саяси-экономикалық, мәдени қатынасымыз тығыз байланысатын серіктес туысқан ел. Сондықтан, сыртқы саясатымызда маңыздылығы жағынан 4 (5) орын алатын елдегі елшімізді тез арада сайлап үлгеруміз қажет сияқты.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің резервінде тұрған кандидаттар бар шығар. Тіпті, жаңа лауазым иесінің ныспысын жақын арада естіп қалуымыз да мүмкін. Соған қарамастан, біз де өз кандидаттарымызды ұсынып көрсек....

Кейбір дерек көздері Түркияда 25 мыңнан астам этникалық қазақтардың бар екенін, олардың жартысынан көбі (13 мыңдай) Ыстамбұл қаласында тұратынын алға тартады. Осыны ескере отырып, Түркиядағы келесі Төтенше және өкілетті елшіміз қазіргі ҚР Ыстамбұлдағы бас консулы Еркебұлан Сәпиев болуы мүмкін деп жорамалдап отырмыз. Еркебұлан Сәпиев экс-сенатор Оңалбек Сәпиевтің ұлы.

Екінші нұсқамыз – Дархан Қыдырәлі. Түркияда талай жыл білім алған, 2014 жылдан бастап Халықаралық Түркі Академиясының президенті. Бұл қызметке тағайындау үшін бір емес, бірнеше елдің рұқсаты керек. Сондықтан, Дархан Қыдырәлі Түркі әлемінде абыройы бар тұлға. Түркияның Қазақстан үшін қаншалықты маңызды екенін жоғарыда айтып өттік. Демек, бұл елге аты бар, саяси салмағы бар тұлға керек. Дархан Қыдырәліні де осы тізімге қосуымыздың бір себебі сол.

Бірақ, Дархан Қыдырәлінің ел газеті «Егемен Қазақстанның» басшысы болып келгені кеше ғана, сондықтан бұл жорамалымыз да жоққа шығуы мүмкін.

«Сайгез-ақпарат»