Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ҰБТ-ның жаңа форматының ерекшеліктері туралы баяндады.
Е.Сағадиевтің айтуынша, министрлік қорытынды аттестациялауды бөлу жұмыстарын жүргізген. Енді түлектер мектепті бітіру сынағын және ЖОО-ға қабылдау емтиханы ретінде ҰБТ тапсырады. Мектептегі қорытынды аттестация 5 пәннен тұрады, оның 4-уі міндетті, 1 пән - таңдау бойынша.
ҰБТ ЖОО-ға қабылдау емтиханы және мемлекеттік гранттарды бөлу жүйесі ретінде сақталады, бірақ оның форматы өзгереді. Бұрын 5 пәннен 125 сұрақ беріліп, оның ішінен 4 пән бойынша 100 сұрақ есептелетін. Ал 2017 жылғы ҰБТ форматында 120 сұрақ қарастырылып, барлығы есептеледі. Кейбір сұрақтардың жауабына 2 балл берілетіндіктен, ең жоғарғы көрсеткіш – 140 балға тең.
Сауалдар 5 пәннен қойылады, олардың 3-і міндетті, 2-уі талапкер жоспарлаған ЖОО-дағы мамандыққа байланысты бейіндік пән болады. Тестілеу уақыты да өзгермейді – 3 сағат 30 минут. Өту балы да өзгерген жоқ - 50 балл.
2017 жылы ҰБТ 20 маусым мен 1 шілде аралығынла өтеді, сондай-ақ түлектерге оны 2017 жылдың тамызы мен 2018 жылдың қаңтарында қайта тапсыруға мүмкіндік беріледі.
Колледж түлектерін тестілеуден керексіз пәндер алынып тасталды
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев талапкерлерді кешенді тестілеудегі өзгерістер туралы баяндады.
Министрдің айтуынша, келер жылы колледж түлектері үшін талапкерлерді кешенді тестілеу (ТКТ) форматы өзгереді. Бүгінге дейін колледж түлектері ҰБТ кезінде өздері колледждің соңғы жылдарында оқымаған пәндері бойынша да тестілеуге қатысып келгені белгілі. Осыған байланысты келесі жылдан бастап енгізілетін ТКТ жаңа форматында талапкерлердің колледжде оқытылған білімі ғана назарға алынады.
ТКТ жаңа форматында 60 сауал қарастырылған, оның 20-сы жалпы пәндер бойынша, 40 сауал бейіндік пәнге қатысты. Мұндай жағдайда түлек өзінің бейінін одан әрі жетілдіруді таңдауға тиісті. Мысалы, педагогикалық колледж түлегі педагогикалық мамандыққа баруы керек. Ал бейінін өзгерткен жағдайда талапкер ҰБТ тапсыруға міндетті.
"Сайгез-ақпарат"