29.11.2016 в 18:47

Ескі әнұран - ностальгия!

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында сайтымызда "Тәуелсіздік тартуы" деген жоба бастап, оқырмандардың хатымен бөлісуді жөн көріп отырмыз. Бүгінгі оқырманымыз Тәуелсіздік дегенде ең алдымен есіне "ескі әнұран" түсетінін айтады. 

- Биыл Тәуелсіздіктің 25 жылдығы. Тәуелсіздік дегенде алдымен әуелеген әнұран еске оралады. Әнін Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди, ал сөзін Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жазған "ескі әнұран" туралы айтып отырмыз.

- Кіл классиктердің тудырған шығармасы еді. Сөзі есіңізде шығар. Музыкасы да, сөзі де байсалды еді. Әнұран деуге әбден лайық, кесек, бүтін туынды еді. Ақ пен қараны жымдастыра өрген ала қамшыдай сөзі мен әні керемет үйлесім тапқан Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы әнұранының ғұмыры 14 жылға ғана жетті. Арагідік ірі спорт жарыстарында әнұранды шатастыру оқиғалары жиілеп кетіп, "ескі әнұранымыз" шырқалып тұрушы еді. Елшіліктердің бәріне хат жазып жүріп, бұл олқылықты да жөнге қойдық. Осылайша "ескі әнұран" көптің көкейінде, жүрек түкпірінде ғана сыбырлап қала берді.

- 2006 жылы жаңа мемлекеттік әнұран қабылданды. Сонда "ескі әнұранның" сөзін жазған ақындардың бірі Қадыр Мырза Әлімен болған бір әңгіме бар деседі. "Сізді талайлар әнұранның авторы деп біледі, енді кімсіз?" деп. Сонда Қадыр ақын "Менің әнұран болуға лайық әлі екі әнім бар. Бірі - "Атамекен", бірі - "Өз елім!" деген екен.

- "Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық" деген тәмсіл бар. Бүгінгі әнұранымыз да керемет. Бірақ, Біз Тәуелсіздікті "ескі әнұранмен" қабылдадық. Тәуелсіздік эйфориясы жүрегімізде "Жаралған намыстан қаһарман халықпыз" деп сайрады. Тәуелсіз Қазақстан алғашқы Олимпиада алтынын алғанда да осы әнұран орындалушы еді. Ностальгия!

"Оқырман хаты"