03.12.2016 в 22:30

ОҚО-да өткен айтыстың жеңімпаздары марапатталды

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өңірімізде өтіп жатқан «Бірлігіміз жарасқан-Мәңгілік ел» республикалық ақындар айтысын тамашалады.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен 1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай, ұйымдастырылған аламан айтыста елдің белесті жиырма бес жыл ішіндегі толағай табыстары мен жетістіктері әдемі ұйқастарқа құрылып, көтерілген келелі мәселелер, қыз бен жігіттің әзіл айтысы айтыс сүйер көрерменге айрықша көңіл-күй, рухани серпіліс сыйлады.

Азулы ақындардың кешегі тартысынан – І кезеңінен ақтық аламанға суырылып шыққан 5 жұп, яғни, 10 ақын – Қажымұқан Абзалов (ОҚО) пен Қанат Мырзахан (Жамбыл облысы), Жандарбек Наушабеков (ОҚО) пен Арзыгүл Қайымбекқызы (Қытай Халық Республикасы), Анар Жаппарқұлова (ОҚО) мен Сырым Әуесхан (Астана қаласы), Нұрлыбек Мейірманов (ОҚО) пен Тұрар Тілеулиев (ОҚО), Біржан Байтуов (ОҚО) пен Жандарбек Бұлғақовтар (Астана қаласы) әдемі айтыс жасап, көрерменнің делебезін қоздырды.

Аламан доданың марапаттау рәсімінде сөз алған облыс әкімі Ж.Түймебаев облысымыздағы мәдениет саласына қатысты атқарылған жұмыстардың барысын баяндай келе қазақтың төл өнері – айтыстың алаштың баласы үшін орны бөлек екенін жеткізді.

«Айтыс өнері ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілуі Қазақ елі үшін үлкен мәртебе. Осындай баға жетпес, теңдесі жоқ сөз сайысы біздің Оңтүстікте жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Міне, бүгінгі өткізіліп отырған республикалық ақындар айтысы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне және Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналып отыр. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіз елімізде мәдениеттің, ұлттық өнеріміз бен дәстүр-салттарымыздың өсіп-өркендеуін үнемі назарда ұстап келе жатқаны баршамызға аян. Бүгінгі өткізіліп жатқан ақындар айтысы осының айғағы», - деді Ж.Түймебаев.

Мұнан соң, екі күнге ұласқан жыр додасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі басталды. Атап айтқанда, аламан айтыстың бас жүлдесін оңтүстікқазақстандық Анар Жаппарқұлова ұтып алып, жеңімпазға Renault Sandero джипі табыс етілді. Жүлделі І орынға астаналық Жандарбек Бұлғақов лайықты деп танылып, оған Lada Granta теміртұлпары сыйланса, ІІ орын Оңтүстіктің намысын қорғаған Тұрар Тілеулиевке бұйырып, Nexia Sohc жеңіл көлігінің кілті табыс етілді. Ал жүлделі ІІІ орынды Қажымұқан Абзалов (ОҚО) иеленіп, оған 1,5 млн. теңге көлемінде қаржылай сыйлық берілді.