24.11.2016 в 11:19

Қазақстанның әуе компаниялары Еурокомиссияның «қара» тізімінен қашан шығады

ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Берік Камалиев бастаған қазақстандық делегация Еуропалық комиссияның Әуе қауіпсіздігі комитетінің мәжілісіне қатысты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның Брюссельдегі тілшісі.

Шара барысында қазақстандық делегация өкілдері Қазақстандағы ұшып-қону қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еуропалық комиссия өкілдері анықтаған жағдайлар бойынша қолға алынған іс-шаралар мен авиация саласы қызметінің болашақ жоспарлары туралы ақпараттарды ұсынды.

«Біз өз ішімізде жақсы жұмыстар жүргіздік. Мұны Халықаралық азаматтық авиация ұйымының аудиторлық шаралары растады. Бүгінгі таңда Қазақстанның аталмыш ұйым талаптарына сәйкестігі 74 пайызды құрайды»,-деді ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Бекен Сейдахметов.

Ол аталған көрсеткішті 63 пайызды құрайтын орташа әлемдік деңгейден жоғары екендігін жеткізді. Ал, орташа еуропалық деңгей 76 пайызды құрайды.

«Басқаша айтқанда біз көптеген еуропалық мемлекеттердің деңгейінде тұрмыз»,-деді ҚР ИДМ-ның азаматтыз авиация комитетінің төрағасы.Бұған қоса қыркүйек айында Еурокомиссияның мамандары Қазақстандағы ұшып-қону қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына техникалық бағалау жүргізіп, аталмыш шаралардың ИКАО стандарттарына сәйкестігін растады.

«Қазіргі таңда Қазақстан ИКАО рейтингінде 191 елдің арасында 66-шы орында тұр. Біздің міндетіміз ұшып-қонулардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру. Алайда, біз бұнымен тоқталып қалайын деп отырған жоқпыз. Біз бұдан әрі де дами беретін боламыз»,-деді Бекен Сейдахметов.

Оның сөзінше, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Қазақстанды Еуроодақ елдеріне ұшуға тыйым салынған әуе тасымалдаушылар тізімінен шығаруға ниетті. «Бұл ретте әңгіме жекелеген компанияда емес, бүкіл Қазақстанға қатысты болып отыр»,-деді ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитетінің басшысы.

Ол сонымен қатар Еуроодақ елдеріне ұшқысы келетін әрбір компанияның Еурокомиссияның тексеруінен өтетіндігін ескертті. «Қазір осы бағыт бойынша ұшқысы келетіндердің қатарында Scat бар»-деді министрлік өкілі.

Осы мәжілістің қорытындысы бойынша, Еуропалық комиссияның Әуе қауіпсіздігі комитеті мен ЕО-ға мүше елдердің авиациялық әкімшіліктерінің өкілдері тарапынан қазақстандық әуе компанияларының Еуропа елдеріне ұшуына қойылатын шектеулерді алу туралы шешім қабылданады.

«Еурокомиссия ресми түрде шешімді 8 желтоқсанда шығарады»,-деді Бекен Сейдахметов.