06.12.2016 в 12:17

2017 жылы Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының құрылысы басталады

Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хаиров мәлімдеді.

Қазіргі кезде «Алсим Аларко – Макйол – СК – Корреян Экспресс Вэй» консорциумымен келісімшарттық келіссөздер жүргізіліп жатыр. Жобаның шамаланған құны 350,7 млрд теңгеден асады. Есептеулер бойынша, Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы 2021 жылға дейін салынып бітеді.

«Алматы-Қорғас» (Батыс Еуропа – Батыс Қытай) автожолының учаскесінде автомобиль өткізу бекетінің инфрақұрылымын құру жобасына «Eurotransit Terminal» ЖШС жеке серіктес ретінде бастама білдірген.

«Айналма автожол құрылысының тағы екі жобасын 2019-2023 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асыру көзделіп отыр», - деп атап өтті спикер.

Техника-экономикалық негіздеу мен концессиялық ұсынысты әзірлеу бойынша консалтингтік қызметтерді көрсету үшін ұзындығы 48 км болатын «Шымкент қ. Оңтүстік-Батыс айналма ақылы автокөлік жолының құрылысы мен оны пайдалану» жобасы бойынша 110 млн теңге бөлінген. Шамаланған құны - 53,6 млрд теңге.

Ұзындығы 98 км болатын «Өзбекстан Республикасының шекарасына (Қоныспаев қосыны) шығатын Сарыағаш қ. айналма автокөлік жолының құрылысы» жобасы бойынша ҚР ҰЭМ-не экономикалық тұжырым жасауға инвестициялық ұсыныс бағытталған. Шамаланған құны - 56,4 млрд теңге.

"Сайгез-ақпарат"