10.12.2016 в 15:20

Түркістанда  264 отбасыға пәтер кілті табысталды

Түркістан қаласында еліміздің Тәуелсіздік күні мерекесіне тарту ретінде халық игілігіне жаңадан 264 пәтерлі 9 қабатты екі және 5 қабатты екі тұрғын үй тапсырылды.

Жаңадан бой көтерген «Отырар» шағын ауданындағы қоныс тойға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы қатысып, түркістандықтарды Егемендігіміздің 25 жылдық мерекесімен құттықтап, тұрғындарға пәтер кілтін табыстады.

«Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында түркі дүниесінің орталығы саналатын көне Түркістанда бірқатар жұмыстар атқарылуда.  Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, кезекте тұрған көптеген азаматтар баспаналы болары сөзсіз. Дәл қазірдің өзінде осы шағын ауданда 8 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.  Келешекте жаңа ауданда мемлекет есебінен 100 көпқабатты үй және әлеуметтік нысандар салу жоспарланып отыр. Бұл ширек ғасырда Елбасының көрегенді саясатының арқасында қол жеткізген жетістіктің бір парасы ғана», - деді облыс әкімі.

Айта кетейік, аталған шағын аудандағы 5 қабатты қос үйдің құрылысы облыс бюджеті есебінен жүргізілсе, 9 қабатты екі үй «Бәйтерек» Холдингінің еншілес ұйымы «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» АҚ-ның есебінен салынған. Сонымен бірге, жаңадан бой көтерген тұрғын үйлердің инженерлік инфрақұрылымдарының құрылысына 586,6 млн. теңге қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілген.

Бүгінгі таңда Түркістан қаласында тұрғын үй алу үшін 4232 азамат өтініш білдірген. Олардың ішінде 3019 әлсіз топтағы, 203 жетім балалар болса, 1010 мемлекет қызметкері мен 10-нын үйі апатты жағдайдағы азаматтар құрайды.