12.12.2016 в 14:49

Қазақстан мен Иран екі ел арасындағы туристік сапарларды жеңілдету жолын қарастырды

2016 жылы 10-11 желтоқсанда Тегеранда сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Иран үкіметаралық комиссиясының 15-отырысы өтті.

Отырыс аясында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Туризм индустриясы департаментінің директоры Марат Игалиев Иранның туристік билік өкілдерімен келіссөздер жүргізді. Тараптар жақын уақытта ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен Иран Ислам Республикасының мәдени мұра, туризм және қолөнер ұйымы арасында өзара топтық туристік сапарларды жеңілдету жөніндегі меморандум әзірлеуге келісті.

Келісім Қазақстан мен Иран азаматтарының өзара топтық туристік сапарлары саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты жүзеге асыруға құқықтық және ұйымдастырушылық негіз қалыптастырады. Құжат құрамында 5-тен 50-ге дейін адам болатын туристік топтар үшін визалық режимді жеңілдетеді. Екі елдің туристік билігі Қазақстан мен Иранға баратын туристік топтарды жасақтауға жауапты жергілікті туроператорлар тізімін алмасатын болады.

Сондай-ақ, Қазақстан-Иран үкіметаралық комиссиясының отырысы аясында Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Иран Ислам Республикасы Үкіметі арасындағы іскерлік мақсаттағы визаларды рәсімдеу тәртібі туралы Келісімге қол қою мәселесі де талқыланды.

ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Туризм индустриясы департаментінің директоры Марат Игалиев атап өткендей, «Екі ел арасындағы туристік алмасуларды дамытуда өзара топтық туристік сапарларды жеңілдетудің үлкен маңызы бар. Иран Қазақстанның туризм саласындағы перспективалы серіктесі болып табылады. 80 млн-ға жуық халқы бар. Біздің ел ирандық туристерге экологиялық, ойын-сауық, мәдени-тарихи туризм  мүмкіндіктерін және басқа да демалыс түрлерін ұсына алады. Өз кезегінде Иран жаңа туризм стратегиясына сәйкес, 2025 жылға қарай жыл сайын 20 млн. турист қабылдап, туризмнен 30 млрд. доллар пайда табуды көздеп отыр. 2015 жылы Иранға 5,2 млн шетелдік турист келген. 2016 жылы Иран Қазақстаннан және тағы 57 елден келетін демалушыларға әуежайда үш айға виза беруді бастады. Бұл ел саяхаттық туризм мүмкіндіктерін ұсынып (Иранда ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміне енген 17 нысан бар), сонымен бірге демалушыларды қауіпсіздіктің жоғары стандарттарымен қамтамасыз етеді. Халықаралық санкция алынғалы алғаш рет Иранның Iran Air әуекомпаниясы Boeing компаниясымен 80 ұшақ сатып алу бойынша келісімге қол қойды. Жалпы айтқанда, Иранмен туристік ынтымақтастықтың әлеуеті үлкен екенін байқап отырмыз. Сондықтан, бірлескен жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру, оның ішінде Каспий теңізінде су туризмін дамыту жоспарланып отыр».

"Сайгез-ақпарат"